Accessibility links

Трамп: Путин АҚШ сайлауына араласпағаны туралы айтты


АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Дананг, Вьетнам, 11 қараша 2017 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Дананг, Вьетнам, 11 қараша 2017 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путиннің АҚШ-та 2106 жылы өткен президент сайлауына Кремльдің араласқаны жайлы ақпаратты жоққа шығарғаны туралы мәлімдеді. Ол бұл туралы сенбі күні Вьетнамда Оңтүстік-Шығыс Азия елдері саммитінен кейін баспасөз өкілдеріне хабарлаған. Трамп Путиннің сөзіне сенетінін айтқан.

Сонымен бірге, Ақ үй басшысы "АҚШ сайлауына Ресейдің араласқаны" жайлы дақпыртты сайлауда жеңіліп қалғанын ақтау үшін "демократтар ойлап тапқан" деген пікірін тағы қайталаған.

Трамптың сөзінше, 11 қарашада Вьетнамдағы саммит барысында ол Путинмен бірнеше рет кездескен. Саммит кезінде АҚШ пен Ресей президенттері ресми келіссөздер өткізген жоқ.

Путин Трамппен бейресми әңгімелерінің сәтті болғанын, екеуі қалаған тақырыптарды талқылағаны туралы мәлімдеген. Оның сөзінше, президенттердің ресми екіжақты кездесу өткізулеріне "жұмыс кестесінің сәйкес келмеуі" себеп болған.

Бұған дейін АҚШ пен Ресей президенттері Сириядағы жанжалды бейбіт реттеу бойынша бірлескен мәлімдеме қабылдағаны туралы хабарланған.

Қазіргі кезде АҚШ-та 2016 жылғы президент сайлауына Ресейдің ықтимал араласуына байланысты тексеру жалғасып жатыр. Тамыздың басында АҚШ арнайы прокуроры Роберт Мюллер өткен жылғы сайлауға "Ресейдің араласуына" қатысты тергеу өткізу үшін үлкен алқабилер отырысын шақырған. Мюллер былтырғы сайлау кезінде Трамптың сайлау штабы бәсекелес демократиялық партиядан сайлауға түскен кандидат Хиллари Клинтонға қарсы тұру үшін Кремльмен ымыраласқан жоқ па деген мәселені анықтап жатыр.

Мәскеу басқа мемлекеттердегі сайлауларға қатысы туралы айыптауларды үзілді-кесілді жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG