Accessibility links

БАҚ: Тереза Мэйді отставкаға жіберуге қол жинап жатыр


Ұлыбритания премьер-министр Тереза Мэй. Брюссель, 19 қазан 2017 жыл.
Ұлыбритания премьер-министр Тереза Мэй. Брюссель, 19 қазан 2017 жыл.

Ұлыбританияда консерваторлар партиясының 40 депутаты премьер-министр Тереза Мэйдің отставкаға кетуін талап еткен хатқа қол қоймақшы деп хабарлайды Times басылымы.

Партияластары Мэй Ұлыбританияның Еуропа Одағынан шығуы (Brexit) бойынша келіссөздерді созып жіберді деп санайды. Соған байланысты жақында Брюссель жаңа сауда келісімін талқылауды тоқтатып қоятыны туралы ескерту жасаған.

Бұған дейін Times Еуропа Одағы лидерлері британ премьері жыл соңына дейін отставкаға кетеді деп болжап отырғаны жайлы жазған. Олардың пікірінше, Мэйдің үкіметіндегі тұрақсыздық премьер-министрді ауыстыруға немесе кезектен тыс парламент сайлауына ұласуы ықтимал.

40 депутат – британ парламенті мүшелерінің оннан бір бөлігіне де жетпейді. Бірақ, премьерді отставкаға жіберуге тағы сегіз депутаттың қолы болса жеткілікті.

Қыркүйектің соңында Brexit туралы сөзінде британ премьер-министрі Лондон Еуропа Одағына мүше болған кезде бюджетке қатысты Еуроодақ алдында алған міндеттерін 2020 жылға дейін орындайтын болады деп уәде еткен. Тереза Мэйдің сөзінше, Ұлыбритания 2019 жылы наурызда Еуропа Одағынан шыққаннан кейін өтпелі кезең екі жылға созылмақ.

Лондон мен Брюссель арасында Brexit бойынша биылғы 19 маусымда басталған келіссөздер 2018 жылдың соңына дейін жалғасады. 2016 жылы жазда өткен референдум нәтижесі бойынша, Ұлыбритания азаматтары елдің Еуропа Одағы құрамынан шығуын көпшілік дауыспен қолдаған. Еуропа Одағына 1973 жылы қосылған Ұлыбритания оның құрамынан шыққан алғашқы ел болмақ.

XS
SM
MD
LG