Қазақстанда Балқаш көлінде жоғалып кеткен ресейлік әскери бөлімнің екі қызметкерінің біреуі суға батып қаза болған деп хабарлайды Қазақпарат. Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Жанна Дәуренбекова Ресей азаматтарының бірінің денесін бүгін таңғы сағат төртке қарай жергілікті тұрғындар тапқанын, екінші адам әлі табылмай жатқанын хабарлаған.
"Іздестіру-құтқару жұмыстары Приозерск қаласынан 150 шақырым жерде жүргізіліп жатыр. Жоғалған адамды іздеп жатқан топта алты құтқарушы, бес жергілікті тұрғын мен ресейлік әскери бөлімнің 15 қызметкері бар", - деп хабарлаған Дәуренбекова. Оның сөзінше, 1981 және 1985 жылы туған ресейлік екі әскери 11 қарашада көлге балық аулауға шыққанда жоғалып кеткен.
Облыстық төтенше жағдай қызметі өкілінің хабарлауынша, 11 қарашада Балқаш көлінде қатты дауыл тұрып, толқын биіктігі алты метрге дейін жеткен. Сол күні Балқаш көліне балық аулауға шығып, жағалаудан 15 шақырым қашықтықта қозғалтқышы істен шыққан резеңке қайықта әкелі-балалы екі адамның суда қалып қойғаны туралы дабыл түскен. Қатты дауылда көлде қалған 19 және 51 жастағы екі жергілікті тұрғынды қараңғы түн ішінде қол шаммен берген белгісі арқылы тапқан құтқарушылар жексенбі күні түнгі сағат үш кезінде аман-есен жағаға жеткізген.