Accessibility links

Рахой каталониялықтарды "сепаратистерді тықсырып тастауға" шақырды


Мариано Рахой, Испания премьер-министрі. Барселона, 12 қараша 2017 жыл.
Мариано Рахой, Испания премьер-министрі. Барселона, 12 қараша 2017 жыл.

Испания премьер-министрі Мариано Рахой каталониялықтарды желтоқсанда өтетін сайлауда аймақ парламентінен сепаратистерді тықсырып шығуға шақырды.

Барселонада өзінің Халықтық партиясының сайлауалды кампаниясында сөйлеген Рахой "үнсіз қалған көпшілікті" сайлауға қатысып, дауыс беруге шақырды. Рахой Каталонияға Мадрид екі апта бұрын аймаққа тікелей басқару жүйесін енгізгеннен бері бірінші рет барып отыр.

Каталония аймағының бірнеше басшысы біржақты түрде аймақ тәуелсіздігін жариялаған соң оларды Испания билігі тұтқындаған. Оларға бүлік ұйымдастырды және мемлекеттік билікті теріс мақсатта пайдаланды деп айыптады. 11 қараша күні 750 мыңға жуық демонстрант Барселона көшелеріне шығып, Каталонияның ұсталған бұрынғы басшыларын босатуды талап еткен.

Испанияның бақуатты аймақтарының бірі Каталония қазанның басында референдум өткізген соң 27 қазанда Испаниядан тәуелсіздігін жариялаған. Мадрид референдумды заңсыз деп таныған. Испанияның орталық билігі Каталонияның автономия мәртебесін уақытша тоқтатып, аймақ басшысы Карлес Пучдемон үкіметін отставкаға жіберіп, 21 желтоқсанға сайлау белгілеген.

XS
SM
MD
LG