Accessibility links

Астана: БАӘ "Бәйтерек" жобасына қатысуға қызығып отыр


Байқоңыр ғарыш айлағында ұшыру алаңына орнатылып жатқан "Союз" ғарыш кемесі (Көрнекі сурет).
Байқоңыр ғарыш айлағында ұшыру алаңына орнатылып жатқан "Союз" ғарыш кемесі (Көрнекі сурет).

Қазақстан, Ресей және Бріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) премьер-министрлерінің орынбасарлары Дубайда ғарыш саласындағы бірлескен инвестициялық жобаларды дамыту мүмкіндіктерін талқылады деп хабарлады 13 қарашада Қазақстан премьер-министрінің баспасөз қызметі. 12 қарашада халықаралық аэроғарыштық Dubai Air Show - 2017 көрмесі аясында өткен келіссөзде БАӘ өкілдері Қазақстандағы Байқоңыр ғарыш айлағының қызмет ету жағдайымен және оның даму келешегімен танысқан.

Келіссөзге Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Асқар Мәмин, Ресей премьер-министрінің орынбасары Дмитрий Рогозин және БАӘ премьер-министрінің орынбасары шейх Мансур бен Заид әл-Нахаян қатысқан. Премьер-министр баспасөз қызметінің хабарлауынша, Заид әл-Нахаян "БАӘ-нің Қазақстан мен Ресейдің бірлескен "Бәйтерек" жобасына қатысу мүмкіндігін" қарастыруға қызығушылық танытқан.

"Бұдан арғы стратегияны дайындау және іс-қимылды үйлестіру үшін ғарыш саласындағы бірлескен жобаларды дамыту бойынша үш жақты жұмыс тобын құру туралы келісім жасалды" делінген Қазақстан премьер-министрі баспасөз қызметінің хабарламасында.

Ресей Қазақстанмен бірге Байқоңыр ғарыш айлағында "Бәйтерек" ғарыш зымыраны кешенінің жобасын іске асыруды 2004 жылы бастаған. Жобаны іске қосу мерзімі бірнеше рет кейінге қалдырылған. Ресми мәлімет бойынша, жоба 2022 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.

XS
SM
MD
LG