Accessibility links

"Дін үшін әйелін пышақтаған" адам қамалды


Өзін "Хайрулло Нарметовпін" деп таныстырған адам түсірген видеодан скриншот.
Өзін "Хайрулло Нарметовпін" деп таныстырған адам түсірген видеодан скриншот.

Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласындағы Қаратау ауданына қарасты Сайрам ауылында "өзге дінге кіргені үшін әйелін пышақтағанын" мәлімдеген Хайролла Нарметов қамауға алынды. Облыстық ішкі істер департаменті күдіктінің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Азаттықтың ресми сауалына жауап берген жергілікті қылмыстық полиция басқармасының бастығы Ибрагим Жолановтың мәліметінше, 12 қарашада таңғы сағат 09.05-те Сайрам ауылының ауруханасына "1986 жылы туған әйел адам пышақ дене жарақатымен" түскен. Полиция жәбірленушінің аты-жөнін жарияламады.

Полицияның хабарламасында: "Жарақат алған азаматша күйеуі Хайролла Нарметовпен жолыққан. Екеуінің арасында жанжал туындап, Хайролла Нарметов... пышағын әйелінің оң жақ көкірек тұсынан тығып алып, оқиға болған жерден бой тасалаған" деп жазылған.

Күдікті Хайролла Нарметов әйелімен болған жанжалдан соң түсірген видео үндеуінде "әйелін басқа дінге өткені үшін өлтірдім" деп мәлімдеген. Бұл видео 13 қарашада әлеуметтік желіге тарап кеткен еді.

Нарметовтің үстінен қылмыстық кодекстің 106-бабы 1-бөлігіне сәйкес "қасақана ауыр дене жарақатын салу" айыбымен іс қозғалған. Жараланған әйел Сайрам ауылындағы аурухананың жан сақтау бөлімінде жатыр.

XS
SM
MD
LG