Accessibility links

Атамбаев: Қазақ президентінің өзімбілемдігінен блокадаға түстік


Алмазбек Атамбаев, Қырғызстан президенті.
Алмазбек Атамбаев, Қырғызстан президенті.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайды "блокада" деп атап, оған Қазақстан билігін айыптады. Азаттықтың Қырғыз редакциясының хабарлауынша, Атамбаев бұл туралы Бішкекте елдің тұрақты даму стратегиясын талқылаған жиында мәлімдеді.

- Еуразия экономикалық одағына (ЕАЭО) кіргеніміз дұрыс шешім болған. Біз бұл ұйымда қалуымыз керек. Бірақ орыс, қазақ баспасөзін күнде қараймын, оларда "Қырғызстан, Атамбаев ЕАЭО-ны жойғысы келеді" деп жазады. Бұл - жалаң сөз. Шындығында бір айдан бері Қазақстан басшысының өзімбілемдігінің кесірінен басқа елдерден, ЕАЭО-дан ажырап қалдық. Блокада Қырғызстан президенті "заңды сыйлап, ішкі істерімізге килікпеңіздер" деген талап қойғаны үшін ғана қойылып отыр. Бізге өзгелердің тәртібін орнатудың керегі жоқ, - деді Атамбаев.

Жиынға парламент, үкімет мүшелері қатысып жатыр.

7 қазанда Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев президенттікке кейбір кандидаттар мен Қазақстан билігінің атына қатар сын айтқан. Осыдан көп ұзамай, 10 қазанда Қазақстан Қырғызстанмен шекарада тексеруді күшейтіп, шекараның қырғыз жағында жүк көліктерінің кезегі пайда болған. Тараптар 19 қазаннан бастап жолаушылар көлігі мен жүгі бар жолаушыларды өткізуді жеңілдетуге келіскен болатын.

Азаттықтың қазақ-қырғыз үкімет дауы туралы мақалаларының толық тізімін қараңыз

Астана шекарадағы тексеруді Қырғызстаннан келетін "контрабандамен күресу үшін" күшейткенін айтады. Бішкек Қазақстан шекарада "қолдан кедергі жасап отырғанын" айтады.

XS
SM
MD
LG