Accessibility links

Мемлекеттік дума шетелдік БАҚ-қа қатысты заң жобасын мақұлдады


Ресей Мемлекеттік думасының отырысы (Көрнекі сурет).
Ресей Мемлекеттік думасының отырысы (Көрнекі сурет).

Ресей Мемлекеттік думасы 15 қарашада шетелдік БАҚ-тарды "шетел агенті" деп тіркеуге жол ашатын заңға түзетуді екінші оқылымда мақұлдады.

Азаттықтың Орыс редакциясының хабарлауынша, бірер күн бұрын жарияланған жоба бойынша, шет мемлекеттер территориясында тіркелген БАҚ-тар Ресейде "шетел агенті" деп танылмақ. Думадағы "Единая Россия" фракциясының жетекшісі Сергей Неверов жаңа заң ресейлік, оның ішінде шетел капиталы бар Ресей БАҚ-тарына қолданылмайтынын айтады.

Мемлекеттік дума төрағасының орынбасары Петр Толстой кеше нақты қай БАҚ-тың "шетел агенті" деп тіркелуі тиіс екенін Ресей әділет министрлігі анықтайтынын мәлімдеген.

Ресей президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі кеңесінің басшысы Михаил Федотов РБК басылымына берген сұхбатында жаңа заңның "қалай болса солай жазылғанын" айтты. Оның сөзінше, заңға түзету дайындағандар "БАҚ туралы" заң мен "Коммерциялық ұйымдар туралы" заңды қате түрде біріктірген. Ол алғашқы заң ақпараттық салаға, екінші азаматтық салаға қатысты екенін айтады.

Ресейдегі шетелдік БАҚ қызметін шектейтін түзету Мәскеу қаржыландыратын Russian Today (RT) телеарнасы АҚШ билігінің талабын орындап, осы елдегі бөлімін "шетел агенті" деп тіркеуге мәжбүр екенін мәлімдеген соң қабылданып отыр. 13 қарашада RT телеарнасының бас редакторы Маргарита Симоньян АҚШ-тағы телеарна бөлімі "шетел агенті" деп тіркелгенін мәлімдеген.

Вашингтон бұған дейін АҚШ-тағы шетел агенті туралы заң Ресейдегі осы тақылеттес заңнан мүлдем өзгеше екенін және ол сөз бостандығын шектемейтінін айтқан. "Азат Еуропа / Азаттық Радиосы" корпорациясының президенті Томас Кенттің мәлімдеуінше, RT телеарнасы АҚШ-та өз бағдарламаларын кабельді телеарна арқылы таратады, бірақ Ресейде "Радио Свободаға" мұндай мүмкіндік берілмеген. Ол Ресейде "Радио Свобода" журналистері қудалауға ұшырап, соққыға жығылғанын және аккредитациясы жойылғанын, ал АҚШ-тағы ресейлік телеарна журналистерінің мұндай кедергілерге тап болмағанын ескертті.

XS
SM
MD
LG