Accessibility links

Тоқаев Атамбаевтың сөзін "лас шабуыл" деп сөкті


Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан парламенті сенатының спикері

Қазақстан парламенті сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың соңғы мәлімдемесін сынады. 15 қарашада Атамбаев Қазақстан билігін сөгіп, президент Нұрсұлтан Назарбаевты "жасы келген диктатор" деп сипаттаған.

Тоқаев Twitter парақшасында: "Атамбаевтың кезекті лас шабуылға толы долданған сөзі көршілердің татулығына зиян тигізеді. Үлкен саясатта мұндай эмоцияға орын жоқ. Қырғызстанға блокада жариялап жатқан ешкім жоқ. ЕАЭО-ның талаптарын орындау керек. Келіссөздің мәні - осы", - деп жазды.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев қазақ-қырғыз шекарасындағы жағдайды "блокада" деп атап, Қазақстан билігін айыптаған. Азаттықтың Қырғыз редакциясының хабарлауынша, Атамбаев бұл туралы Бішкекте елдің тұрақты даму стратегиясын талқылаған жиында мәлімдеген.

7 қазанда Атамбаев кейбір президенттікке кандидаттар мен Қазақстан билігінің атына қатар сын айтқан. Осыдан көп ұзамай, 10 қазанда Қазақстан Қырғызстанмен шекарада тексеруді күшейтіп, шекараның қырғыз жағында жүк көліктерінің кезегі пайда болған. Екі жақ 19 қазаннан бастап жолаушылар көлігі мен жүгі бар жолаушыларды өткізуді оңайлатуға уағдаласқан.

Азаттықтың қазақ-қырғыз дауы туралы мақалаларының толық тізімін қараңыз

Астана шекарадағы тексеруді Қырғызстаннан келетін "контрабандамен күресу үшін" күшейткенін айтады. Бішкек Қазақстан шекарада "қолдан кедергі жасап отыр" деп біледі.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Әлеуметтік сақтандыру қоры

ӘСМҚ ақшасын астыққа жұмсамақ

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG