Accessibility links

Ақтөбе облысы: Прокурор Қадыров екі айға қамалды


Ақтөбе облысының прокуратурасы (Көрнекі сурет).
Ақтөбе облысының прокуратурасы (Көрнекі сурет).

Ақтөбеде 15 қараша күнгі сот санкциясымен облыстық прокуратура қызметкері Есентұр Қадыров 2 айға қамалды. Тергеу прокурорды "40 мың доллар пара бермек болды" деп айыптап отыр. Бұл туралы Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Соттың мәліметінше, Есентұр Қадыров 13 қараша күні Ақтөбедегі өз үйінің ауласында ұсталған.

"Есентұр Қадыров өзінің үстінен қозғалған қылмыстық істі бас прокуратураның бақылауынан алып тастап, артынша қызметін ауыстыру ниетімен 40 мың доллар пара беріп жатқан жерінен ұсталды. Ол параны облыс прокурорының көмекшісі, ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз етуші Төлегенов арқылы бас прокуратура өкіліне бермек болған" дейді мемлекеттік айыптаушы.

Бас прокуратураның тергеу департаменті сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросымен бірлесе отырып Есентұр Қадыровқа Қылмыстық кодекстің 367-бабында ("пара беру") көзделген қылмысты жасады деген айып тағып отыр. Айыптаушы тарап істің объективті тергелуіне кедергі келтіруі мүмкін екенін айтып, соттан прокурорды екі айға қамауды сұрады. "Пара берді" деп айыпталған прокурор сотқа қоғам үшін қауіпті емес екенін айтып, өзін үйқамаққа алуды сұраған. Бірақ 15 қараша күні кешкілік шыққан сот қаулысымен прокурор Қадыров екі айға тергеу изоляторына қамалды.

XS
SM
MD
LG