Accessibility links

Прокурор Сейітқазы Матаевты мерзімінен бұрын босатуға қарсы болды


Сейітқазы Матаев.
Сейітқазы Матаев.

Алматы облысындағы Қапшағай қаласының соты Қазақстан журналистер одағының төрағасы, "қаржы жымқырды" және салықтан жалтарды" деген айыппен сотталған Сейітқазы Матаевтің өзін шартты түрде мерзімінен босату туралы шағымын қарап жатыр. Судья Сейітқазы Матаевтың адвокаты Мадина Бакиеваның, Матаев жазасын өтеп жатқан колония өкілінің уәждерін тыңдады. Сотқа Сейітақзы Матаевтың өзін әкелмеді. Ол сотқа түрмеден видео байланыс арқылы қатыстырылды.

Сотта ЛА 155/4 колониясының өкілі Сейітқазы Матаевтің түрмедегі тәртібі "жақсы болғанын", "үлгілі мінез-құлқы үшін ынталандыруға ие болғанын" айтып, сотталушыны мерзімінен бұрын босатуды қолдайтынын мәлімдеді.

Мадина Бакиева Сейітқазы Матаевтың қазан айында 63 жасқа, яғни зейнет жасына толғанын айтып, заң бойынша зейнеткерлер жаза мерзімінің үштен бірін өтеген жағдайда шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға болатынын айтты.

Сотта видео байланыс арқылы жауап берген колония дәрігерлері Матаевтың қан қысымы көтеріліп кететінін, түрменің санитарлық бөлімінде тиісті ем-дом ала алмайтынын айтып, оны шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды қолдады.

Бұдан соң сөз алған прокурор Сейітқазы Матаев сот үкімі бойынша мемлекетке келтірілді деген 200 миллион теңге қаржылық залалды өтемегенін айтып, оны босатуға қарсылық білдірді. Бұдан соң сот кеңесуге шығып кетіп, біраз уақыттан соң сот шешімі бүгін кешкі сағат 17-де шығатынын жариялады.

Матаевтың шағымы бойынша соттан тікелей трансляция

2016 жылы қазанның 3-і күні Астананың Есіл аудандық соты Ұлттық баспасөз клубының жетекшісі Сейітқазы Матаевты "қаржы жымқырды" және салықтан жалтарды" деген айыптармен алты жылға, ал ҚазТАГ агенттігінің директоры Әсет Матаев "қаржы жымқырды" деген айыппен бес жылға соттаған. Үкім бойынша Матаевтар ақпарат және коммуникация министрлігіне - 169 миллион теңге, "Қазақтелеком" компаниясына 140 миллион теңге қайтаруы тиіс болған. Матаевтар өздеріне тағылған айыпты мойындамайды.

XS
SM
MD
LG