Accessibility links

Литва парламенті өзінің "Магнитский актісін" мақұлдады


Ресейлік заңгер Сергей Магнитскийдің құрметіне арнап шығарылған төсбелгілер.
Ресейлік заңгер Сергей Магнитскийдің құрметіне арнап шығарылған төсбелгілер.

Литва парламенті "Магнитский актісіне" ұқсас заңды бірауыздан қолдап дауыс берді. Ол заң адам құқығын бұзды, коррупциялық қылмыс жасады немесе қаржы жымқырды деген күдікке ілінген шетелдіктердің Литваға кіруіне тыйым салады. Бұл заң бойынша қара тізімге кімді енгізетінін Литва сыртқы істер министрлігі шешеді. Заңда "Магнитск актісіне" ілінген адамдарға олардың елге кіруіне тыйым салынғаны арнайы ескертілмейтіні айтылған.

Ресейдің Литвадағы елшілігі заңның қабылдануын "қастық әрекет" деп бағалап, оған "жауап шаралары қабылданатынын" ескертті.

Қазанның басында Канада билігі де осындай заң қабылдаған. Санкция тізіміне 30 ресейлік, оның ішінде Ресей тергеу комитетінің басшысы Александр Бастрыкин іліккен. Ресей оған жауап ретінде ондаған канадалықтың елге кіруіне тыйым салған.

Алғашқы "Магнитский актісін" АҚШ Конгресі 2012 жылдың соңында қабылдаған. Бұған ұқсас заң Ұлыбританияда да бар. "Магнитский актісі" 2009 жылы Мәскеу абақтысында қаза тапқан Hermitage Capital қорының заңгері Сергей Магнитскийдің құрметіне аталып кеткен. Ол Ресей бюджетінен ірі көлемде қаржы жымқыру айла-шарғысын әшкерелеген. АҚШ Конгресі қабылдап, кейін кеңейтілген заңда Вашингтон адам құқығын бұзуға қатысы бар деп білетіндерге экономикалық санкциялар салу және ресейліктерге виза беруден бас тарту қарастырылған.

16 қарашада Сергей Магнитскийдің қаза тапқанына сегіз жыл толды. АҚШ Мемлекеттік департаменті осыған байланысты мәлімдеме таратты. Онда Вашингтонның "Магнитский актісін" орындауды жалғастыра беретіні айтылған.

XS
SM
MD
LG