Accessibility links

Ресей Сирияда химиялық қару қолданылуын тексеруге вето қойды


Василий Небензя, Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты елшісі.
Василий Небензя, Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты елшісі.

Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде халықаралық Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымның (OPCW) Сирияда жұмыс істеу мандатын ұзарту туралы АҚШ дайындаған қарарына вето қойды. Қарарды Қауіпсіздік кеңесінің 11 мүшесі қолдап, Ресей мен Боливия қарсы дауыс берді. Қытай мен Египет қалыс қалды. Ресейдің қарсылығынан OPCW-ның халықаралық сарапшылары Сирияда химиялық қару қолдану оқиғасын тексеру жұмыстарын 17 қарашадан бастап тоқтатуға мәжбүр болады.

Ресей ұйым сарапшыларының таяуда жасаған тұжырымына қатты сын айтты. Сарапшылар биыл 4 сәуірде Сирияның солтүстігіндегі Хан-Шейхун қаласы маңында болған операцияда адамның жүйке жүйесін зақымдайтын зарин газын "Сирия армиясы қолданғанын" мәлімдеген. Аталған улы газдан 90-нан астам адам қаза тапқан. Комиссия қорытындысын куәгерлердің айтқандарына, сурет пен видео материалдарға, топырақтан алынған талдауға сүйеніп жасаған. Қауіпсіздік тұрғысынан оқиға орнында тексеру жүргізілген жоқ.

Мәскеудің вето қоюы Вашингтон мен оның одақтастарының кері реакциясын тудырды. АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты елшісі Никки Хейлидің сөзінше, Ресей іс жүзінде Сирияда улы заттарды соғыста қолдануға жол ашып, әскери қылмыс жасап отыр. "Келесі ретте химиялық қару қолданылса, оны сіздердің арыңызға қалдырамыз" деді Хейли Ресей делегациясына.

Ресейдіңи БҰҰ-дағы тұрақты елшісі Василий Небензя Қауіпсіздік кеңесінің отырысында АҚШ-ты Сириядағы әскери қылмыстарды тексеруде "теңгерімсіз тәсіл қолданып отыр" деп айыптап, журналистерге OPCW есебі "кемшіліктерге толы болғанын" және "күлкі келтіретінін" мәлімдеді.

Ресей Қауіпсіздік кеңесінің Сирия дағдарысына қатысты осымен оныншы қарарына вето қойып отыр.

XS
SM
MD
LG