Accessibility links

Тұтқын Әбдірахмановқа қатысты тағы бір іс бойынша сот басталды


Берік Әбдірахмановтың Қарағанды тергеу абақтысындағы түскен суреті. Қаңтар, 2017 жыл. Берік Әбдірахмановтың туыстары жолдаған фото.
Берік Әбдірахмановтың Қарағанды тергеу абақтысындағы түскен суреті. Қаңтар, 2017 жыл. Берік Әбдірахмановтың туыстары жолдаған фото.

Жұма күні Ақтөбе қаласының қылмыстық істер жөніндегі сотында биылғы 27 мамырда Ақтөбе түрмесінде (КА-168/1 мекемесі) қамауда отырған 39 жастағы Берік Әбдірахмановтың үстінен қылмыстық-атқару мекемесі әкімшілігіне бағынбаған деген айыппен қозғалған іс бойынша сот процесі басталды. Бұл туралы Азаттыққа тұтқынның әйелі әрі қоғамдық қорғаушысы Гүлім Әбдірахманова хабарлады. Бүгінг сот отырысында бірнеше куәгер – түрме әкімшілігінің қызметкерлерінен жауап алынған. Соттың келесі отырысы 24 қарашада өтпек.

Гүлім Әбдірахманованың айтуынша, оған қамаудағы күйеуі Берік Әбдірахманов, арасында осы сотта қорғаушы тараптың куәгері ретінде көрсетілген адамдар да бар, бірнеше тұтқынның жазған "ақтық хатын" табыс еткен. Бүгінгі сот отырысында Берік Әбдірахманов ол адамдарға түрме әкімшілігі қысым көрсетуі мүмкін екенін айтып, соттан олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрады дейді Гүлім Әбдірахманова.

Тұтқын Берік Әбдірахмановты сотта қорғау үшін осының қарсаңында Гүлім Әбдірахманова жалдаған адвокат Айбек Қояновтың айтуынша, Әбдірахмановқа қылмыстық кодекстің "Қылмыстық-атқару мекемесі әкімшілігінің заңды талаптарына бағынбау" бабы бойынша айып тағылған. Бұған дейін мемлекет тағайындаған адвокат сырқаттанып қалғандықтан бұл процеске қатыспаған.

Тұтқын Берік Әбдірахмановтың ісі бойынша сот проесіне Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі бюросының Ақтөбе облыстық филиалының жетекшісі міндетін атқарушы Ирина Гольцварт бақылап отыр.

Оқыңыз: Түрмедегі Берік Әбдірахмановтың тағдыры

Берік Әбдірахмановты 2010 жылы тамыздың 3-і күні Астананың Сарыарқа аудандық соты діни араздықты қоздырды, заңмен тыйым салынған діни ұйымға мүше болды және терроризмді насихаттады деген айыптармен алты жылға соттаған. Жаза мерзімін өтеу 2009 жылғы қазанның 3-інен бастап есептелген.

Әбдірахманов түрмеде отырған кезде, 2013 жылғы ақпанның 13-і күні Павлодар қалалық соты діни араздықты қоздырды деген айыппен оны төрт жылға соттаған. Өтелген және өтелмеген мерзімдерін алып-қосқанда, екінші іс бойынша үкім кесілген күннен бастап ол түрмеде бес жыл алты ай отыруы тиіс болған.

Тараз қаласы сотының 2015 жылы ақпанның 3-і шыққан қаулысына сәйкес, Берік Әбдірахмановтың бірінші ісі бойынша 2010 жылғы тамыздың 3-і кесілген үкім өзгертілген, яғни терроризмді насихаттау айыбы сотпен тыйым салынған діни ұйымға мүше болды деген бапқа ауыстырылған, бұған қоса, жаңа жаза мерзімі – 2012 жылғы қарашаның 28-інен бастап 2018 жылғы мамырдың 27-сіне дейін деп белгіленген.

Бұған дейін туыстары Берік Әбдірахмановты "түрмеде ұрып-соғып, азапатағаны" туралы шағымданған. Туыстары тұтқын видеокамера алдында діни көзқарасынан бас тартуға көнбегені үшін азап шегіп жатыр деп санайды. Үй-іші екі мәрте туберкулезге шалдығып, аяғындағы қан тамырларында түйіндер (варикоз) пайда болған тұтқынға науқасқа тиесілі тағам да жеткілікті берілмей отыр деп шағымданған.

Түрме әкімшілігі Берік Әбдірахмановқа қысым жасалғаны туралы айыптауларды жоққа шығарады және тұтқын науқасқа тиесілі дәрі-дәрмек пен тамақтың барлығын алып отыр деп мәлімдейді. Түрме әкімшілігінің сөзін жоғары тұрған мекемелер мен бақылаушы органдар да растайды.

Құқыққорғаушылар қазіргі түрмелердегі тәртіп пен 2015 жылғы қаңтардың 1-нен қолданысқа енген жаңа қылмыстық заңнама билікке қырына алған тұтқындарға "қит еткені" үшін жаңадан іс қозғап, түрмеде қанша ұстағылары келсе, сонша уақыт ұстауға мүмкіндік береді деп мәлімдейді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG