Accessibility links

Брюссель соты Пучдемонды Испанияға беру жайлы шешім қабылдаған жоқ


Адвокат Поль Бекар соттан кейін журналистерге сұхбат беріп тұр. Брюссель, 17 қараша 2017 жыл.
Адвокат Поль Бекар соттан кейін журналистерге сұхбат беріп тұр. Брюссель, 17 қараша 2017 жыл.

Брюссель соты Испанияның Каталония автономды аймағының бұрынғы басшысы Карлес Пучдемон мен каталониялық үкіметтің мүшесі болған тағы төрт адамды Испанияға беру мәселесі бойынша әлі шешім қабылдаған жоқ. Бұл туралы Брюссельде жұма күні өткен сот отырысынан кейін Пучдемонның адвокаты Поль Бекар хабарлаған.

Оның сөзінше, Бельгия прокуроры соттан Пучдемонды тұтқындау туралы еуропалық ордерді мақұлдауды сұраған, бірақ судья қорғаушылардың өтініші бойынша, шешім қабылдауды 4 желтоқсанға қалдырған. Егер сот Пучдемон мен оның серіктерін Испания үкіметіне беру туралы шешім қабылдайтын болса, олар сот шешіміне қарсы екінші сатыдағы сотқа шағымдана алады. Шағымды қарауға 15 күн беріледі.

Каталонияда тәуелсіздік туралы референдумнен кейін Испания үкіметі автономды аймақ үкіметі пен парламентін таратып, аймақты тікелей басқару тәртібін енгізген және желтоқсан айында Каталонияда кезектен тыс сайлау өтетіні туралы жариялаған.

Испания жоғарғы соты биліктен шеттетілген Каталония автономды аймағының басшысы Карлес Пучдемон мен каталониялық үкіметтің төрт мүшесін тұтқындау туралы халықаралық ордер берген. Испан үкіметі оларға "бүлік шығарды" және "бюджет қаржысын ысырап етті" деген айып таққан. Мадрид қашқындар паналған Бельгиядан оларды қайтаруды сұраған.

XS
SM
MD
LG