Accessibility links

Камбоджада "Азат Азия" радиосы тілшілеріне "тыңшы" айыбы тағылды


Камбоджа премьер-министрі Хун Сен.
Камбоджа премьер-министрі Хун Сен.

АҚШ қаржыландыратын «Азат Азия» радиосына жұмыс істейтін камбоджалық екі журналист - Уон Чин мен Йонг Сочеаметаға сенбі күні «тыңшылық» айыбы тағылған. Associated Press агенттігінің хабарлауынша, бұл оқиға Камбоджаның авторитар премьер-министрі Хун Сеннің саясатымен келіспейтіндерге қарсы қуғын-сүргіннің күшейе түскенінің тағы бір мысалы болады.

Чин мен Сочеамета шет мемлекетке ақпарат берген деген күдікпен сейсенбі күні тұтқындалған дейді Пномпень муниципалдық сотының өкілі Ли Софана. Премьер-министр Хун Сен мен оның одақтастарынан тұратын үкімет қарсыластарын сынап, елде оннан аса радионы жауып тасаған және негізгі оппозициялық партияны таратып жіберген.

Оңтүстік-Шығыс Азияда 20 жыл жұмыс істеген "Азат Азия" радиосының Пномпеньдегі кеңсесі биыл қыркүйекте жабылған. Радио мұндай қадамға баруының себебін үкіметтің бұқаралық ақпарат құралдарын қорқытып-үркітуі "бұрын-соңды болмаған деңгейге" жеткенімен түсіндірген. Сол айда ағылшын тілінде шығатын The Cambodia Daily газеті үлкен сомадағы салық қарызын төлемеген деген айып тағылғаннан кейін жабылуға мәжбүр болған. Басылым ол айыптаудың саяси себебі бар дейді.

Камбоджада журналистерді қудалау елде алдағы жылы өтетін сайлауға дейін Хун Сен үкіметінің саяси қарсыластарын тұқырту үшін жасап жатқан әрекеттерінің бір бөлігі ретінде қарастырылып отыр.

1985 жылы Камбоджа үкіметі басына келген Хун Сен 1997 жылғы әскери төңкерістен кейін де билікті уысында ұстап отыр. 1970 жылдары "қызыл кхмерлер" режимі қанға бөктіріп, күйреткен Камбоджа қазіргі кезде демократиялық бағытты ұстанушы мемлекет саналғанымен, елде оның институттары тым әлсіз және заң үстемдігі орнамаған.

XS
SM
MD
LG