Accessibility links

Атамбаев: Қырғызстан-Ресей қатынасының осы деңгейі ғасырларға жалғасқанын қалаймын


Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 17 қараша 2017 жыл.
Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев (сол жақта) пен Ресей президенті Владимир Путин. Мәскеу, 17 қараша 2017 жыл.

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев 17 қарашада Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Бұл туралы Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі хабарлады.

Путин Қырғызстан басшысының алғашқы және қызметінің мерзімі аяқталар қарсаңдағы қорытынды сапарын Ресейге жасағанын атап өткен. Қырғыз президентінің баспасөз қызметі Путиннің "Сіз Қырғызстан президенті қызметінде жұмыс атқарған уақыт ішінде екі елдің арасындағы қарым-қатынас сапасы елеулі түрде өзгергенін үлкен ықыласпен айтқым келеді. Республикаларыңыз Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болды. Біз экономика, сыртқы шекараны нығайту тәрізді қауіпсіздік салаларында, сонымен бірге гуманитарлық салада қарым-қатынастарды екіжақты түрде алға жылжыттық" деген сөзін келтірген.

Алмазбек Атамбаев екі елдің арасындағы көпғасырлық тарихы бар қарым-қатынас деңгейіне қанағаттанатынын айтқан.

"Биыл біз 30-ға жуық елдің өкілдері қатысқан Алтай форумын өткіздік. Одан өзге, дүниежүзілік Алтай конгресін Қырғызстанда өткізу туралы келістік. Біз, әрине,тарихты жадымыздан шығармауымыз керек. Өйткені, өткен жолын ұмытқан халық болашаққа жол таба алмайды. Мен Қырғызстан мен Ресей арасында қалыптасқан қарым-қатынас деңгейі ғасырлар бойы, мәңгі сақталса деймін. Мұның барлығын бұзуға, талқандауға, басқа жаққа бұруға әрекет болғанын сіз жақсы білесіз. Және бұл тұрғыдан осы алты жыл мен үшін өте күрделі болды. Әрине, мен біз қалпына келтірген осынау бауырмал қарым-қатынастардың бұдан кейін де тек нығая бергенін қалаймын", - деген Атамбаев.

Кездесу кезінде екі президент қос елдің арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелері мен қарым-қатынасты дамыту болашағын, сонымен бірге бірлескен жобаларды жүзеге асыру барысын талқылаған.

XS
SM
MD
LG