Accessibility links

Ташкентте діндарларды жаппай ұстап, үйлерін тінткен


Өзбекстандық милиция қызметкерлері. (Көрнекі сурет.)
Өзбекстандық милиция қызметкерлері. (Көрнекі сурет.)

Өзбекстан астанасы мен Ташкент облысының Зангиат ауданында соңғы үш күнде 20 мен 60 жас аралығындағы 80-ге жуық діндар адамдар ұсталған. Оларды Ташкент қалалық және Зангиат аудандық милиция бөлімдеріне апарып, тергеген.

Өзбекстанның тәуелсіз адам құқығын қорғаушылары бастамашыл тобының төрағасы Сурат Икрамовтың Fergana басылымына хабарлауынша, осы топқа бір топ әйел шағымданған. Олардың сөзінше, 14 қарашада таңертең үйлеріне келген милиция қызметкерлері тінту жүргізіп, хаттама толтырып, азаматтарды ұстап алып кеткен. Олар хаттама көшірмесін бермеген.

Әйелдердің бірінің айтуынша, оны 2008 жылдан бері "конституциялық құрылысқа қастық қылу", "тыйым салынған діни экстремистік және сепаратистік ұйымдар құру немесе қатысу" айыбымен іздеуде жүрген туысының қайда екенін сұрап, тергеуге алған.

Тағы бір әйел - Дилдора Ағзамованың үйінде бір күнде үш рет тінту жүргізген. Билік өкілдері оның 23 жастағы ұлын ұстап, ішкі істер бөлімінде ұрып-соққан. Әйелдің күйеуі Файзулла Ағзамов 2001 жылдан бері діни көзқарасы үшін түрмеде отыр. 2014 жылы оған тағы 16,5 жыл түрме жазасы қосылған. Оның бауыры Шукрулло Ағзамов та діни себептер бойынша сотталған, ол 2006 қатты азаптаудан кейін Ташкенттегі "Сангород" деп аталатын түрме ауруханасында қайтыс болған.

16 қарашада сағат 20.00-ға қарай ұсталғандарды босатып, бес ер және екі әйелді жібермей алып қалған. Олар Ташкент қалалық ішкі істер басқармасының тергеу абақтысында отыр деп хабарланды.

Сурат Икрамовтың айтуынша, ол басқаратын бастамашыл топқа Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік қызметінің "қара тізіміне" енгізілген "сенімсіз діндарлар" мен діни көзқарасы үшін іздеуде жүрген азаматтардың туыстарын ұстап жатқаны туралы шағым-арыздар әлі түсіп жатыр.

Маусым айында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев әлгі тізімді қайта қарап, негізсіз айып тағылған адамдарды ол тізімнен алып тастауды тапсырған. Кей мәліметтер бойынша, ол тізімде бұған дейін 16 мыңнан аса адам болған. Тамыз айында өзбек билігі бірнеше мың адамның – қуғындағы діни-экстремистік ағымдар мүшелері мен диссидентердің әлгі тізімнен алынғаны туралы жариялаған.

XS
SM
MD
LG