Accessibility links

Сирия армиясы ИМ-нің соңғы бекінісін қайта басып алды


Сирия үкіметіне қарасты БАҚ видеосынан алынған скриншот - танк Сирияның Иракпен шекарасындағы ИМ содырларының шептерін атқылап жатыр.
Сирия үкіметіне қарасты БАҚ видеосынан алынған скриншот - танк Сирияның Иракпен шекарасындағы ИМ содырларының шептерін атқылап жатыр.

Сирияның мемлекеттік ақпарат құралдары үкімет күштері мен оның одақтастары "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымының Сириядағы соңғы бекінісі саналған Абу-Кемаль қаласын алғанын хабарлады. ИМ-нің Иракпен шекарадағы Абу-Кемальде жеңілгенін "Хезболла" ұйымымен байланысы бар Ливанның Al-Manar телеарнасы да растады.

Абу-Кемаль қаласы алынған соң Сирияда ИМ содырлары жасырынған бірнеше елді мекен мен бос жатқан территориялар ғана қалып отыр. ИМ бір жылда Сирия армиясымен және АҚШ қолдайтын сириялық күрдтер мен арабтардың альянсымен соғыста билік жүргізген территориясының көп бөлігінен айрылып қалды.

Сирия армиясы осы айда Абу-Кемальден ИМ-ді тықсырып шығарғанын жариялаған еді, бірақ кейін содырлар қарсы шабуыл жасап, қаланы қайта басып алған болатын.

Ұлыбританияда орналасқан Syrian Observatory for Human Rights ұйымы 20 қарашада ИМ содырларының көбі Абу-Кемальден шығарылғанын және ұрыс енді қаланың сыртында болып жатқанын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG