Accessibility links

Ақтөбеде "мұнай ұрлығы" ісі бойынша сот басталды


Ақтөбедегі "мұнай ұрлығы" ісі бойынша айыпталғандардың соты. 20 қараша 2017 жыл.
Ақтөбедегі "мұнай ұрлығы" ісі бойынша айыпталғандардың соты. 20 қараша 2017 жыл.

Ақтөбеде дүйсенбіде "Ұйымдасқан қылмыстық топ құрды", "мұнай ұрлығымен айналысты" деп айыпталған Еркін Ізбасар мен оның сыбайластарына қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы басталды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, сот өтіп жатқан Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының территориясын полиция қоршап тұр.

Сот тыңдауы жабық түрде өтіп жатыр. Журналистер сот барысын жеке бөлмеге орнатылған монитордан бақылап отыр.

"Мұнай ұрлығы" ісі бойынша сот боып жатқан Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының сыртында тұрған полиция жасағы. Ақтөбе, 20 қараша 2017 жыл.
"Мұнай ұрлығы" ісі бойынша сот боып жатқан Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының сыртында тұрған полиция жасағы. Ақтөбе, 20 қараша 2017 жыл.

Бірінші топ мүгедегі Еркін Ізбасар мен оның серіктеріне тергеу Қылмыстық кодекстің "мұнай және мұнай өнімдерін қылмыстық топ құрамында заңсыз иелену, өткізу, сақтау, қайта өңдеу" және "ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру" деген баптары бойынша айыптар таққан болатын.

Ақтөбе облыстық соты "мұнай және мұнай өнімдерін ұрлаумен және заңсыз тасымалдаумен айналысқан" деген күдікпен былтыр желтоқсан айында жиырмадан астам адамды қамауға санкция берген. Сот айып тағылған азаматтардың бірқатарының фамилияларын атаған. Әзірше жария болғандары: Еркін Ізбасар, Саят Дүсіпов, Есенжан Еркетаев, Азат Амитов, Адайбек Сәрсенов, Бауыржан Батыров, Нұрлан Қазкенов, Аухат Қалиев пен Жанат Ілиясов.

Бұл істі тергеу өткен айда аяқталған. Бұған дейін күдіктілер өздеріне тағылған айыпты мойындамаған. Бүгінгі сотта бұл іс бойынша ондаған адамға айып тағылғаны белгілі болды.

Былтыр желтоқсанның басында ҰҚК қызметкерлері мен коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы және ішкі істер министрлігі бірлесіп Ақтөбе және тағы кей аймақта "мұнай өнімдерін жымқырумен айналысқан" деген күдікті топты қолға түсіру операциясын жүргізгені хабарланған. Операция барысында күдіктілерден өзге мұнай мен мұнай өнімдері бар автоцистерналар да тәркіленген.

ҰҚК сонымен қатар "мұнай ұрлаумен айналысқандарды қорғаштаған радикалды салафизм бағытын ұстанатын қылмыстық топтың бірнеше мүшесі ұсталғаны" туралы да хабарлаған.

Биліктің мәліметінше, Ақтөбе облысында қазір мұнай ұрлығымен байланысты 17 қылмыстық іс тергеліп жатыр.

XS
SM
MD
LG