Accessibility links

"Оралман" фильмі Германиядағы фестивальде жүлде алды


Режиссер Сәбит Құрманбековтің "Оралман" фильмінен алынған кадр.

"Қазақстандық режиссер Сәбит Құрманбековтің "Оралман" көркем фильмі Германияда өткен халықаралық кинофестивальде арнайы жүлдеге ие болды" деп хабарлады "Қазақфильм" компаниясы. "Оралман" фильмінде Ауғанстаннан Қазақстанға келген оралман отбасының тағдыры мен оралманның психологиясы, жергілікті халықтың оралмандарға деген көзқарасы көтерілген.

9-19 қараша аралығында өткен Мангейм-Хайдельберг халықаралық 66-кинофестивалін ұйымдастырушылар жүлде "визуалды драмалық және эмоционалдық өмірбаян" үшін берілгенін айтады.

Фильм режиссері Сәбит Құрманбеков былтыр Алматыда фильмді журналистерге жабық көрсеткеннен кейін оралмандар жайлы кино түсіруге Азаттық сайтындағы Ауғанстанда ата-анасы совет билігінен қашқан, тек жарты ғасырдан соң тарихи отанына оралған этникалық қазақ - "Уәли командир" туралы мақала түрткі болғанын айтқан еді.

Бұл фильм биыл қыркүйекте Ресейдің Қазан қаласында өткен ХІІІ халықаралық мұсылман кинофестивалінде жүлде алған. Фильмде басты рөлді сомдаған актер Дулыға Ақмолда "Толық метражды фильмнің ең үздік актері" деген номинация бойынша жеңімпаз деп танылған. Биыл сәуірде фильм Тегеранда өткен халықаралық "Фаджр" кинофестивалінде "Азияның үздік фильмі" жүлдесін, шілде айында Астанада өткен ХІІІ халықаралық "Еуразия" кинофестивалінің Гран-при жүлдесін иеленген болатын.

Биыл желтоқсанда Башқұртстанда өтетін "Серебряный Акбузат" ұлттық және этникалық кинолардың IV халықаралық кинофестивалі "Оралман" фильмімен ашылады деп жоспарланып отыр.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG