Accessibility links

Германияда парламентке қайта сайлау өтуі мүмкін


Ангела Меркель, Германия канцлері. Берлин, 19 қараша 2017 жыл.
Ангела Меркель, Германия канцлері. Берлин, 19 қараша 2017 жыл.

Германия канцлері Ангела Меркель өзінің Христиан-демократиялық партиясымен, Жасылдар партиясымен және либерал-демократтармен коалиция құра алмады. Бұл Германияда қайтадан парламент сайлауы өтуі ықтималдығын күшейтіп отыр.

Либералдық Ерікті демократтар партиясының жетекшісі Кристиан Лиднет 20 қарашада коалиция құру жөніндегі келіссөз оған қатысушы партиялар өзара сенімге ие бола алмағандықтан сәтсіздікке ұшырағанын мәлімдеді. "Нашар басқарғаннан, басқармаған жақсы" деді Линднер.

Меркель Ерікті демократтар партиясының коалиция құру туралы келіссөзден шығатынына өкініш білдірді. "Біз келісімге жеткізетін жолда кетіп бара жатқанымызға сенген едік" деді Меркель Берлинде журналистерге. Ол 20 қараша күні кешке президент Франк-Вальтер Штайнмайермен кездесіп, оған жағдайды баяндайтынын да айтты.

Мартин Шульц басқаратын Социал-демократиялық партиясы Меркель коалициясына қайта оралу мүмкіндігі барын жоққа шығарды. Ангела Меркель азшылық үкіметін басқармайтынын мәлімдеді.

Ангела Меркельдің консерваторлық одағы 24 қыркүйекте өткен парламент (Бундестаг) сайлауында басым көпшіліктің дауысына ие болған. Меркель арқа сүйейтін Христиан-демократиялық партиясы мен Бавария Христиан-социалистік одағы құрған блок шамамен сайлаушылардың 33 пайызының дауысын алған. Мартин Шульц басқаратын Социал-демократиялық партия 20,5 пайыз қолдау иеленген. Бұл - социал-демократтар үшін екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең аз көрсеткіш. Әсіре оңшыл, популист "Альтернатива" (AfD) партиясы 13 пайыз дауыс жинап, үшінші орынға шыққан. Либерал-демократтар 10 пайыз, Жасылдар мен Солшылдар партиясы тоғыз пайыздай дауыс алып, бес пайыздық межені еңсергендіктен парламентке өткен.

XS
SM
MD
LG