Accessibility links

Саакашвили: Украина билігі серіктерімді депортациялады


Михаил Саакашвили, Грузияның бұрынғы президенті, Одесса облысының бұрынғы губернаторы.
Михаил Саакашвили, Грузияның бұрынғы президенті, Одесса облысының бұрынғы губернаторы.

Грузияның бұрынғы президенті, "Жаңа күштер қозғалысы" партиясының жетекшісі Михаил Саакашвили Киевте өткен баспасөз конференциясында Украина мемлекеттік күзет басқармасының бастығы Валерий Гелетейдің 17 қарашада Киевте ұсталған өзінің төрт серігін елден депортациялау операциясын басқарғанын мәлімдеді. Саакашвилидің сөзінше, оларды тікұшақпен Киевтен Одессаға әкетіп, одан ары Черноморск портына апарып, ол жерден пароммен 19 қараша күні Грузияның Поти портына жеткізген.

Депортацияға ұшырағандар арасында "Рустави 2" телеарнасының журналисі Томаз Шавшишвили мен Донбаста соғысқан грузин еріктісі Вано Надирадзе бар.

Шавшишвили Грузиядан Skype арқылы 17 қарашада Киевтегі пәтеріне Украина қауіпсіздік қызметінің арнайы жасағы басып кіріп, өзін теуіп, көзін байлап, әуежайға апарғанын айтып берген. Журналистің сөзінше, оның Украина сыртқы істер министрлігі берген аккредитациясы болған және ол Украина заңдарын бұзбаған. Бірақ арнайы қызмет өкілдері оған Украинаға кіруіне үш жылға тыйым салынғанын хабарлаған.

Украина қауіпсіздік қызметінің ақпаратына қарағанда, соңғы күндері Грузияның сегіз азаматы мәжбүрлі түрде еліне қайтарылған. Ведомство мұндай шешімді Украина мемлекеттік миграция қызметі мен Ұлттық полицияның материалдарына сүйеніп қабылдаған. Материалдарда елден шығарылған шетелдіктердің қызметі Украина ұлттық қауіпсіздігі мүдделеріне кереғар екені айтылған.

Ал Саакашвили "серіктері мен жолдастарын Украинадан Грузияға негізсіз депортациялау", өзін азаматтығынан айыру және Украина бас прокурорының бұрынғы орынбасары Давид Сакварелидзеге қарсы қылмыстық іс қозғау украин билігінің "Жаңа күштер қозғалысының жетекшісі мен белсенділеріне саяси қысымды күшейткенін айғақтайды деген пікірде.

XS
SM
MD
LG