Accessibility links

Новый Уренгой гимназиясы оқушысын "фашизмді ақтады" деп айыптады


Екінші дүниежүзлік соғыс туралы фильмнен үзінді (Көрнекі сурет):
Екінші дүниежүзлік соғыс туралы фильмнен үзінді (Көрнекі сурет):

Ресейдің Новый Уренгой қаласындағы гимназия оқушысы Николай Десятниченконың Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан немістер туралы әңгімесіне байланысты оның үстінен Федералдық қауіпсіздік қызметі мен прокуратураға шағым түсті.

Шағымға Десятниченконың 19 қарашада Германия парламенті Бундестагта соғыс пен репрессия құрбандарын еске алуға арналған кездесуде сөйлеген сөзі себеп болды. Ол Копейск қаласының түбінде вермахт сарбаздары жерленген орынға барғанын, олардың көпшілігінің "бейбіт өмір сүргісі келгенін және соғысқысы келмегенін" айтып, оларды кінәсіз өліп кеткендер деп атаған.

Десятниченко сонымен қатар совет тұтқынында "ауыр жағдайдан" қаза тапқан неміс ефрейторы Георг Йохан туралы да айтқан. Ол сөзінің соңында әлемде енді соғыс болмайтынынан және "жер бетінде парасаттылық үстемдік құратынынан" үміттенетінін айтқан.

Оқушының үстінен шағымды Түмен облысының блогері Сергей Колясников берген. Одан өзге, Ямал-Ненецкий автономиялық округі заң шығару органының Коммунистік партиядан сайланған депутаты Елена Кукушкина гимназияға, білім департаменті мен прокуратураға тексеру жүргізуді талап етіп, хат жазды. Николай Десятниченконың сөзі әлеуметтік желілерде сынға ұшырады. Қолданушылар оны әсіресе нацизмді ақтап алғысы келеді деп айыптады.

Новый Уренгой мэрі Иван Костогриз Николай Десятниченконы қорғап, оқушының сөзін "оның фашизмге деген көзқарасы деп бағалауға болмайтынын" мәлімдеді. Новый Уренгой гимназиясы жағдайға байланысты комментарий беруден ресми түрде бас тартты. Бірақ бұған дейін гимназияның неміс тілі пәнінің оқытушысы Людмила Кононенко мектеп оқушысының фашизмді ақтамайтынын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG