20 қараша күні кешке Батыс Қазақстан облысының (БҚО) Бөрлі ауданы Қызылтал ауылындағы №7 мектебінде 6-сыныптың 22 оқушысы уланып, аудандық ауруханаға түсті. БҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қанат Төсекбаевтің Азаттыққа айтуынша, дәрігерлер зертханалық тексеру нәтижесі әзір дайын болмағандықтан, оқушылардың неден уланғанын біле алмай отыр. Төсекбаевтің сөзінше, оқшулар іші ауырып, құсқан. Балалар мектеп асханасындағы тамақтан уланған болуы мүмкін екенін айтады.
Денсаулық сақтау басқармасының бастығы 21 қараша күні таңертең 17 бала жағдайы жақсарып, ауруханадан шығарылғанын айтады. Қалған бес бала ауруханада жатыр. Олардың жағдайы "қанағаттанарлық" деп бағаланып отыр.
Денсаулық сақтау басқармасы "инфекция қоздырғышты" анықтайтын сараптама нәтижелерін бүгін түстен кейін жариялауға уәде берді.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, облыста биыл 10 айда 228 адам жедел туындайтын ішек инфекциясымен ауырған.