Accessibility links

Сайфулло Саиповқа жаңа айып тағылды


Нью-Йоркте жүк көлігімен шабуыл жасады деген күдікті Сайфулло Саиповтың баспасөз конференциясында көрсетілген суреті. Нью-Йорк, 1 қараша 2017
Нью-Йоркте жүк көлігімен шабуыл жасады деген күдікті Сайфулло Саиповтың баспасөз конференциясында көрсетілген суреті. Нью-Йорк, 1 қараша 2017

АҚШ-та өзбекстандық мигрант, қазан айында Нью-Йоркте көшеде жүк көлігімен адамдарға жасалған шабуылдан соң ұсталған Сайфулло Саиповке жаңа 22 айып, оның ішінде кісі өлімі және "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымына қолдау көрсету бойынша айып тағылды.

21 қараша күні кешке алқа билер сотына ұсынылған қосымша айыптау қорытындысы бойынша, 29 жастағы Сайфулло Саипов сегіз адамды өлтірді және 12 адамды өлтірмек болды деген айып тағылған. Егер Саипов бұл айыптар бойынша кінәлі деп танылса, онда оған өлім жазасы кесілуі мүмкін.

31 қазанда Нью-Йорктің Манхэттен ауданында жүк көлігі велосипед жолағында жүрген топ адамды қағып, таптап өткен. Шабуылдан алты адам оқиға орнында, екі адам ауруханаға әкетіп бара жатқан жолда қаза тапқан, 12 адам жараланған. Полиция Саиповқа оқ атып, жаралап қолға түсірген.

Саипов ұсталған соң оған бірден терроризм айыбы тағылған. Бірақ прокурорлардың оған басқа да айыптар тағуына бірнеше апта уақыт кетті. Саиповтың адвокаты жаңа айыптар тағылғанына қатысты әзірге комментарий бермеді. Саипов 28 қарашада сотқа тартылады деп жоспарланып отыр. Күдікті сол кезде мәлімдеме жасауы мүмкін.

АҚШ бас прокуроры Джеф Сешнс бұл шабуылды "есеппен жасалған террорлық акт" деп атаған.

XS
SM
MD
LG