Accessibility links

Ресей прокуратурасы Собчактің Қырым туралы айтқанын тексермек


Ксения Собчак, ресейлік тележүргізуші.
Ксения Собчак, ресейлік тележүргізуші.

Ресей бас прокуратурасы тележүргізуші Ксения Собчактің "Қырым - Украинаға тиесілі" деген сөзін тексермек. Бұл туралы Ресей президенті сайлауына түсуге дайындалып жатқан Собчактің өзі "Эхо Москвы" радиосынан хабарлады. Собчактің сөзінше, ол бас прокуратураның тексерісі жайлы ведомствоның ресми хатынан білген.

Собчак биыл 18 қазанда 2018 жылы наурызда өтетін Ресей президенті сайлауына түсу ниеті барын мәлімдеген. "Барлық кандидатқа қарсы" кандидат ретінде сайлауға түсетін Собчак саяси тұтқындарды босатуды талап еткен және халықаралық құқық тұрғысынан алғанда Қырым - Украина территориясы екенін мәлімдеген. Ресей Мемлекеттік думасы Собчакті Қырымға қатысты пікірі үшін қылмыстық жауапқа тартуды талап етіп, бас прокуратура мен Федералдық қауіпсіздік қызметіне (ФСБ) жүгінген.

Ресей Қырымды 2014 жылы наурызда Украина заңдарын елеместен референдум өткізілген соң және түбекті Ресей әскері бақылауға алған соң аннексиялап алған. Киев пен Батыс елдері Ресейдің бұл әрекетін халықаралық құқықты бұзу деп атаған.

Ресей заңдарында "елдің территориялық тұтастығын бұзуға шақырғаны үшін" қылмыстық жауапқа тарту қарастырылған. Собчак өзінің заң бұзбағанын, Қырымды бөлуге шақырмағанын, тек оның халықаралық мәртебесі туралы фактіні келтіргенін айтады.

XS
SM
MD
LG