Accessibility links

Ресей, Түркия және Иран Сирия конгресін өткізбек


Иран президенті Хасан Роухани (солдан оңға қарай), Ресей президенті Владимир Путин және Түркия президенті Режеп Ердоғанның кездесуі. Сочи, 22 қараша 2017жыл.
Иран президенті Хасан Роухани (солдан оңға қарай), Ресей президенті Владимир Путин және Түркия президенті Режеп Ердоғанның кездесуі. Сочи, 22 қараша 2017жыл.

Сочидегі Ресей, Иран және Түркия басшыларының саммитін қорытындылаған Ресей президенті Владимир Путин 22 қарашада үш елдің басшылары Сирия үкіметі мен оппозициялық күштері қатысатын ұлттық конгресс ұйымдастыруға келіскенін хабарлады.

"Біз бұл өте маңызды шараны тиісті деңгейде өткізуге және оған Сирия қоғамы өкілдерінің барлық мүшелерінің қатысуына жағдай жасауға келістік" деді Путин. Ресей президентінің сөзінше, үш ел басшылары дипломаттарға, қорғаныс және қауіпсіздік салаларының жетекшілеріне Сочиде өтеді деп жоспарланған алғашқы конгрестің күні мен оған қатысушылар құрамын анықтауды тапсырды. Путиннің сөзінше, Сочиде өтетін конгресс - Сириядағы соғысушы тараптар арасында "ашық диалог"" орнату жолындағы алғашқы қадам болмақ.

"Келіссөз үстеліне түрлі саяси партиялар, ішкі және сыртқы оппозициялық күштер, этникалық және діни топтар өкілдерін тарту жоспарланып отыр" деді Ресей президенті.

Иран президенті Хасан Роуханидің мәлімдеуінше, конгресс Сирияның жаңа конституциясын жасауға көмектеседі. Соның негізінде, елде сайлау өткізу жоспарланып отыр.

Түркия президенті Режеп Ердоған Сирияда мұқтаж халыққа кідіріссіз гуманитарлық көмек көрсету бағдарламасын ашу қажетін айтты.

Ресей 2015 жылдың қыркүйегінде Сирияда әскери операция бастаған. Батыс елдері Кремльді Башар Асад билігін қолдағаны үшін сынап келеді.

XS
SM
MD
LG