Accessibility links

Атамбаев мұздықтарды жылжытуға рұқсат беретін заңға қол қойды


Қырғызстандағы мұздықтардың бірі (Көрнекі сурет).
Қырғызстандағы мұздықтардың бірі (Көрнекі сурет).

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Су кодексіне өзгерістер енгізетін даулы заңға қол қойды.

Қырғызстан президенті аппараты ақпараттық саясат бөлімінің хабарлауынша, заң "тау-кен өнеркәсібінің мұздықтарға тигізетін әсерін құқықтық тұрғыдан реттеу" мақсатында қабылданған. "Заң стратегиялық маңызы бар ірі нысанда кідіріссіз өндіріске жағдай жасауға арналған және оның ел аумағындағы 6771 мұздықтың екеуіне (Давыдов және Лысый) ғана қатысы бар" дейді президент аппараты.

Қырғызстан парламенті "Су кодексіне өзгерістер енгізу туралы" заң жобасын өткен аптада мақұлдаған. Үкіметтің кодекске өзгерістер енгізу туралы ұсынысы қоғамда наразылық тудырған. Елде бірқатар экологтар мен азаматтық белсенділер бұған дейін бұл заң жобасына қарсы шығып, парламентті "аймақ экологиясына ауыр зардап келтіретін" түзетулерді қабылдамауға шақырған.

23 қарашада президент аппаратына президентті заңға қол қоймауға шақырған петиция да тапсырылған.

Заң қол қойылғаннан 10 күн өткенде қолданысқа енеді.

XS
SM
MD
LG