Accessibility links

Астанада орамал дауына байланысты сот басталды


Астананың Есіл аудандық №2 соты (Көрнекі сурет).
Астананың Есіл аудандық №2 соты (Көрнекі сурет).

Астана қаласының Есіл аудандық соты 24 қараша күні Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында тұратын 80 ата-ананың талап арызы бойынша орамал дауынан туындаған азаматтық істі қарай бастады. Ата-аналар білім және ғылым министрлігінің 2016 жылы қаңтардың 14-і күні шыққан №26 бұйрығының 13-тармағын Қазақстан Конституциясына және халықаралық келісім-шарттарға қайшы деп тануды талап етіп отыр. Бұл жайында Азаттыққа балалары мектепке орамалмен барып жүрген 40 шақты ақтөбелік тұрғынның заңды өкілі Мұрат Такаумов хабарлады.

- Біз сотқа Білім және ғылым министрлігінен бөлек үшінші тараптың, яғни, БҰҰ мен адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро, әділет министрлігі өкілінің де қатысуын талап етіп отырмыз. Бұл - ұзын саны сексен адамның талабы. Есіл аудандық сотына Орал қаласынан 40 шақты, Ақтөбеден 40 шақты адам шағымданған. Сот екі облыстан түскен шағымды бірге қарайтын болды, - дейді Мұрат Такаумов.

Қазақстанда мектеп формасын сақтау талабынан шыққан орамал дауы биылғы оқу жылының басында барлық аймақта басталған. Оның себебі - білім және ғылым министрлігі 2016 жылы қаңтардың 14-і шыққан №26 бұйрығы негізінде мектеп формасының бірыңғай ережесін енгізген. Ережеге сай, мектеп оқушылары пиджак, кеудеше, жейде, шалбар, классикалық жейде (қыс кезінде қалың кеудеше, сарафан) киюі керек. Ал балалары мектепке орамал тағып баратын ата-аналар білім министрлігі конституциялық құқығымызды шектеп отыр деп санайды.

Келесі отырыс 30 қарашаға белгіленді.

XS
SM
MD
LG