Египетте Синай түбегіндегі мешітке қарашаның 24-і күні жасалған шабуыл құрбандарының саны 305 адамға жеткен. Бұл туралы мемлекеттік ақпарат құралдарына сілтеме жасап Reuters агенттігі хабарлады. Шабуыл салдарынан 100-ден астам адам жараланған.
Египет прокуратурасы шабуыл жасағандар "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының туын ұстап жүрген деп мәлімдеген. Биліктің мәліметінше, шабуылға 25-30 адам қатысқан. Аймақтағы ең үлкен қантөгіске әкелген терактіге жауапкершілікті әзірше ешбір радикалды ұйым мойнына алған жоқ.
Жұма намазы кезінде мешітке жасалған шабуылдан қаза тапқандардың көпшілігі – бейбіт тұрғындар мен әскери адамдар екені туралы хабарланған. Куәгерлердің айтуынша, шабуылдағандар жамағат намазға жиналған мешіт ішінде жарылыс болғаннан кейін сыртқа қашып шыққандар мен жедел жәрдем көлігіне қарудан оқ жаудырған. Бұдан соң олар көлікке отырып, із жасырған.
Египетте үш күндік аза тұту жарияланған.
Бұған дейін Египет армиясы жұма күнгі террорлық шабуылдан соң содырлардың позицияларына әуеден соққы беріліп, арнайы рейд жүргізілгені туралы хабарлаған. Операция барысында ондаған күдікті және бірнеше автокөлік пен содырлардың жасырынатын орындары жойылған.