Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитеті қарашаның 24-і күні Ақтөбе қаласында елде қызметіне тыйым салынған ДАИШ ("Ислам мемлекеті" экстремистік тобының арабша қысқарған атауы – ред.) тобын қолдаушылар деген күдікпен төрт адамның ұсталғаны туралы хабарлады.
"Тінту барысында дүмі кесілген аңшы мылтығы, оның оқтары, травматикалық және газ шашатын тапаншалар, қолдан жасалған пышақтар, деструктивті діни мазмұндағы әдебиет пен электронды ақпарат тасымалдайтын құрылғылар алынды", - делінген Tengrinews сайты сілтеме жасаған ҰҚК баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сонымен бірге ұсталған адамдардың қайсыбір көпшілік "жиындарда" ДАИШ тобына қолдау білдіріп "үгіттегені" айтылған. Бірақ ҰҚК ол қандай жиын және не айтылған туралы толыққанды ақпарат бермеген.
2016 жылғы маусымда Ақтөбе қаласында әуелі бірнеше қару дүкеніне шабуыл жасаған топ әскери бөлімге басып кіруге әрекет жасаған. Салдарынан 7 азамат қаза тауып, билік "терроршы" деп атаған 18 адамның көзі жойылған.