Ауғанстанның Джузджан провинциясында «Ислам мемлекеті» (ИМ) ұйымының ықпалды дала командирі Шерзод Анваровтың ұсталғаны хабарланды. Оны ауған қауіпсіздік күштері ұстаған.
Азаттықтың Өзбек қызметінің хабарлауынша, Өзбекстан тумасы болып келетін Анваров 36 жасаққа басшылық жасаған. Джузджан провинциясы әкімшілігінің өкілі Мұхаммад Риза Ғаффари Азаттықтың Ауған қызметіне Шерзод Анваровтың Шеберған қаласында ұсталғанын хабарлаған.
Ғаффаридың айтуынша, Анваров Шеберған арқылы Орталық Азия елдерінің біріне өтпек болған.
- Бірақ Анваровтың Орталық Азияның қай еліне өтпек болғаны әзірге анықталмады, - дейді Ғаффари.
Оның айтуынша, Джузджан аумағында ИМ-ның Ауғанстаннан және Өзбекстаннан шыққан бірнеше дала командирі бой тасалап жүруі мүмкін.
Мәліметтерге қарағанда, қазір Джузджан уәлаятында тәліптер мен ИМ жасақтары бір мезгілде белсенділік көрсете бастаған.
Ұсталған Ширзод Анваровтың Өзбекстанның Бұхара облысының тумасы екені айтылады. Шеберған - Ауғанстандағы Джузджан провинциясының орталығы.