Accessibility links

Сот Тарасовтардың тергеушіге қарсы шағымын қарамады


Владимир және Валентина Тарасовтар Өскемен қалалық сотының алдында тұр. 27 қараша 2017 жыл.
Владимир және Валентина Тарасовтар Өскемен қалалық сотының алдында тұр. 27 қараша 2017 жыл.

Өскемен қаласының соты дүйсенбіде Шығыс Қазақстан облысында тұратын ерлі-зайыпты зейнеткерлер - 76 жастағы Владимир Тарасов пен 71 жастағы Валентина Тарасованың тергеу тобының басшысы Талғат Ібікеновтің 2017 жылдың 3 тамызында ұлдары Григорий Тарасовтың өліміне қатысты қылмыстық істі тоқтатып тастау туралы шешіміне қарсы шағымын қараудан бас тартты. Зейнеткерлер тергеушілердің Григорий Тарасовтың өліміне қатысты қылмыстық істі "қылмыс құрамы жоқ" деп тоқтатуын заңсыз деп санайды.

Судья Санат Сәрсенбаев шағымды сотта қараудан бас тарту туралы шешіміне үш күнде шағым білдіруге болатынын хабарлады.

Азаттықпен сөйлескен Тарасовтар сот шешімін тыңдауға қолдарына плакатқа "Кезекті сот бассыздығы" деген жазу жазып алып келгендерін айтты. Олар алған беттен қайтпайтынын, бүгінгі сот шешіміне Шығыс Қазақстан облыстық сотына апелляциялық алқасына шағым түсіретінін айтты.

Тарасовтардың сотқа шағымдануына қарашаның басында олардың бұған дейін тергеушілер әрекетіне шағымданған инстанциялардың барлығынан бас тартқан жауап алуы себеп болған. 8 қарашада Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасы Тарасовтардың полковник Талғат Ібікеновке қатысты қылмыстық іс қозғау туралы арызын "Ібікеновтің іс-әрекетінде қылмыстық құрам жоқ" деп, қараудан бас тартқан. Тарасовтар бұдан өзге 6-10 қараша аралығында Астанада ұлдарының өлімін тергеудің тоқтатылуына қатысты шағыммен президент әкімшілігі, бас прокуратура, ҰҚК, Жоғарғы сот, ішкі істер министрлігі және президенттің "Нұр Отан" партиясының орталық кеңсесінің қабылдауында болып, олардан еш нәтиже шықпаған.

Григорий Тарасовтың өліміне қатысты іс біресе жабылып, біресе зейнетерлердің тегеурінді қарсылығымен қайта ашылып келеді. Зейнеткерлер ұлдарының өлімін қайта тергеуді талап етеді. Тергеушілер "Григорий Тарасов жазатайым қаза тапқан" дейді, ал оның әке-шешесі "баламызды бизнесін тартып алу үшін бір топ адам өлтірген" деп біледі.

Григорий Тарасов 2013 жылы ақпанда қаза тауып, мәйіті 2013 жылы 20 наурызда жерленген. 2013 жылы қарашада оның денесін қосымша сот-медициналық сараптама жасау үшін қайта қазып алған. Тарасовтар ұлдарының сүйегі мәйітханада түпкілікті, жан-жақты және объективті тексеру жүргізу үшін сақталуы тиіс дейді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG