Accessibility links

Орал соты орамал тағатын қыздың әкесінің шағымын қанағаттандырмады


Орал қалалық №2 сотының судьясы Гүлнар Масаурова сот шешімін оқып тұр. Орал, 28 қараша 2017 жыл.

Орал қалалық №2 сотының судьясы Гүлнар Масаурова №7 орта мектептің бірінші сыныбында оқитын қыздың әкесі Әсет Сұлтанның азаматтық шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Әсет Сұлтан қызының сабаққа орамал тағып баруына рұқсат беруді сұрайды.

Әсет Сұлтан қызы мектепке хиджаб емес, қазақтың ұлттық бас киімі - кимешек киіп баратынын айтады. Ол талап-арызында мектеп жарғысының кейбір ережелері мен білім және ғылым министрінің оқышулардың мектепте діни белгілері бар киім киюіне тыйым салатын бұйрығын заңсыз деп тануды талап еткен.

Бұл іс бойынша жауапкер, №7 мектептің директоры Виктор Протасов сот шешіміне қатысты комментарий беруден бас тартты.

Жауапкер тараптың өкілі әрі заңгер Арман Әбдірашит Азаттыққа сот шешіміне шағымданатынын айтты. Әбдірашиттің сөзінше, Оралдағы №9 және №37 мектептің орамал тағатын бірнеше оқушысының ата-анасы да сотқа жоғарыдағыдай талаптармен шағымданған. Ол шағымдарды да судья Гүлнар Масаурова қарайды.

Оқыңыз: Орамал таққан қыздар "жақсы оқиды", бірақ оларды мектепке кіргізбейді

Өткен аптада Астанада Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарындағы ондаған оқушының ата-анасының мектепте орамал тағу дауына қатысты шағымы бойынша сот басталған. Ата-аналар білім және ғылым министрлігінің 2016 жылы қаңтардың 14-і күні шыққан №26 бұйрығының 13-тармағын Қазақстан Конституциясына және халықаралық келісім-шарттарға қайшы деп тануды талап етіп отыр. Ол бұйрық негізінде мектеп формасының бірыңғай ережесі енгізілген. Ережеге сай, мектеп оқушылары пиджак, кеудеше, жейде, шалбар, классикалық жейде (қыс кезінде қалың кеудеше, сарафан) киюі керек. Ал балалары мектепке орамал тағып баратын ата-аналар білім министрлігі конституциялық құқығымызды шектеп отыр деп санайды.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG