Accessibility links

Мирзияев Каримовтің 80 жылдығын мерекелеуге тапсырма берді


Ташкенттегі Ислам Каримовтің ескерткіші.
Ташкенттегі Ислам Каримовтің ескерткіші.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев "Өзбекстан Республикасының тұңғыш президенті, көрнекті мемлекеттік және саяси қайраткер Ислам Каримовтің туғанына 80 жыл толуын мерекелеу туралы" қаулы шығарды. "Настоящее время" телеарнасының хабарлауынша, құжат мәтіні 28 қарашада өзбекстандық БАҚ-та жарияланды.

Қаулы Өзбекстанның алғашқы президенті Ислам Каримовтің "республиканың тәуелсіздік алуына, елдің қарыштап дамуына қосқан тарихи ерен еңбегін" ескеріп және оны мәңгі есте қалдыру жұмыстарын жалғастыру мақсатында қабылданған.

Каримовтің туғанына 80 жыл толғанын атап өтуде жоспарланған шаралар арасында 2018 жылдың қаңтарында Самарқанда Каримовтің ескерткіш зиратын ресми түрде ашу, оған елдің оңтүстік-батысындағы Карши қаласында ескерткіш орнату шаралары бар.

Сонымен қатар Каримовтің өмірі мен қызметі туралы деректі фильм түсіру, оған арналған кітаптар (оның ішінде "Өзбекстан Республикасының алғашқы президенті Ислам Абдуғаниұлы Каримов қызметінің хроникасы") мен Каримовтің өзі жазған кітаптарын шығару жоспарланған. Самарқанда бұған қоса "Ислам Каримов - тәуелсіз Өзбекстан мемлекетін құрушы" деп аталатын халықаралық ғылыми конференция да өткізілмек.

2018 жылдың алғашқы тоқсанында Каримовті еске алуға арналған ең үздік ғылыми-танымдық мақалалар конкурсының қорытындысы шығарылмақ. Білім беру мекемелерінде, әскери бөлімдерде, еңбек ұжымдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында Каримовті еске алуға арналған әдебиетшілер мен ғалымдардың кездесулері өткізіледі.

Каримов 1938 жылы 30 қаңтарда туған. Ол Өзбекстанды 1991 жылдан бері үздіксіз басқарған. Ресми Ташкент оның қайтыс болғанын 2016 жылы 2 қыркүйекте хабарлады.

XS
SM
MD
LG