Accessibility links

OCC экс-жұмысшысының апелляциясы қарала бастады


Тахир Ерданов, Құспан Қосшығұловтың заңгері. Ақтау, 13 сәуір 2017 жыл.
Тахир Ерданов, Құспан Қосшығұловтың заңгері. Ақтау, 13 сәуір 2017 жыл.

Маңғыстау облысының апелляциялық сот алқасы сейсенбіде 2016 жылы тәуелсіз кәсіподақты таратпауды талап етіп аштық жариялаған Oil Construction Company (OCC) компаниясы жұмысшыларының бірі Құспан Құсшығұловтың өзін "жұмыстан заңсыз шығарғанына" қарсы шағымын қарай бастады. Бұл туралы Азаттыққа Қосшығұловтың өзі хабарлады.

ОСС басшылығы қаңтардың 5-інен 22-сіне дейін созылған аштық акциясынан соң – 25 қаңтардан бастап сегіз қызметкерін (Жамбыл Бегешев, Құсайын Жылқышиев, Мейрамбек Қуантаев, Қайрат Ерекешев, Мақсот Таспаев, Құспан Қосшығұлов, ағайынды Мақат және Мақсат Жайлаубаевтарды) жұмыстан шығарған.

Құспан Қосшығұлов 2017 жылдың 17 шілдесінде Ақтау қалалық №2 сотына арыз түсіріп, жұмыс берушінің өзімен жасасқан еңбек шартын бұзу туралы бұйрығын заңсыз деп тануды, өзін бұрынғы жұмысына қайтадан алуды және бос жүрген күндеріне ақы төлеуді талап еткен. Сот Қосшығұловтың ол арызын қанағаттандырудан бас тартқан соң, ол Маңғыстау облыстық апелляциясына сот алқасына шағымданған. Ақтау қалалық №2 соты қалған жеті жұмысшының да осындай шағымдарын қанағаттандырмаған.

Заңгер Тахир Ердановтың Азаттыққа айтуынша, Қосшығұлов апелляциялық шағымында Ақтау қалалық №2 сотының шешімін бұзып, талап арызды қайта қарауды және қанағаттандыруды талап етеді.

Бірақ бүгінгі сотта судья себебін айтпастан сот процесін 5 желтоқсанға қалдырды.

Оқыңыз: Экс-жұмысшылар келісім комиссиясынан қайыр болмағанын айтады

Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын қайта тіркеуді талап еткен ОСС мұнайшыларының аштық акциясы қаңтардың 5-і күні Ақтау қаласындағы кәсіподақ ұйымы кеңсесінде басталған. Жұмыс берушінің мәліметінше, аштық акциясы үш жерде (Ақтау қаласындағы ОСС кәсіподағы кеңсесінде – 292 адам, Қаламқас кенішінде – 270 адам, Жетібай кенішінде – 100-ге тарта адам аштық жариялаған) өткен.

ОСС-ның аштық жариялаған жұмысшыларына қарсы арызын қараған Ақтау қалалық №2 соты қаңтардың 19-ында бұл акцияны заңсыз деп тауып, оны тоқтатуға үкім еткен.

Бұдан кейін Ақтау қаласының прокуроры мұнайшылардан сот шешімін орындауды талап етіп, олардың әрекетін «мемлекетке қарсы шығу» деп бағалаған.Ақыры жұмысшылар қаңтардың 22-сінде аштықты тоқтатқан.

Қаңтардың 19-ы мен 24-і аралығында Маңғыстау облысының Ақтау қаласы, Шетпе ауылы мен Қарақия және Мұнайлы ауданындарында сот отырыстары өтіп, аштық акциясына қатысқан 63 мұнайшы азаматтық және әкімшілік сотқа тартылған, олардың жиырма шақтысы ОСС пайдасына 3 854 870 теңге өтеуі тиіс болған.

XS
SM
MD
LG