Қарағандыда сәрсенбіде "ұлттық және діни алауыздық қоздыру" ісі бойынша сотта Уәли Әлиасқаров пен Михаил Ткачевке айыптау үкімі оқылды.
Тергеу тұжырымы бойынша, олар "топ болып, ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалана отырып ұлттық және діни алауыздықты қоздыруға және олардың діни және ұлттық тегіне байланысты ерекшелігі мен басымдығын насихаттауға бағытталған қасқана іс-әрекет жасаған".
Прокурордың айыптауы бойынша, Қарағандының 28 жастағы тұрғыны Михаил Ткачев пен Петропавлдың 66 жастағы тұрғыны Уәли Әлиасқаров ресейлік академик Маслов пен "Киелі Русь жаратушыларының одағы" оккульттік жалған ғылыми діни ұйымының идеологиясын ұстанушыларға қосылып, басқа діндердің өкілдеріне төзімсіздік таныта бастаған. Прокурордың ақпараты бойынша, сотталушылар бұл оккульттік ағымның идеяларын Қазақстан аумағында жиын өткізу, интернетте байланыс орнату, жақтастары арасында діни әдебиеттер оқып, тарату арқылы жаймақ болған.
Сараптама қорытындысы олар оқыған кітаптарды "діни-оккульттік мәні бар" деп таныған. Тергеу зерттеуге ұсынылған материалдарда діни алауыздықты немесе ұлттық жаулықты насихаттау және өзінің өзгелерден артықшылығын насихаттау белгілері бар деп тапқан.
Сотталушылар өздеріне тағылған айыптарды терістеп, оларды ойдан шығарылған және шындыққа қайшы деп біледі. Олар бүгін прокурорға тағы да қарсылық білдіргенімен, судья оны қабылдамай тастады.
Туыстары сегіз ай қамауда отырған Әлиасқаров пен Ткачевтің заңға қайшы не істегенін дұрыс түсінбейтінін айтады. Екі сотталушының да білімі жоғары. Әлиасқаров бұрын көп жыл прокуратурада қызмет істеген.
Сотталушылар мен олардың туыстары тәркіленген кітаптардың ғылыми-танымдық кітаптар екенін айтады.