Қазақстан сыртқы істер министрлігі Астана Солтүстік Кореяның 29 қарашада кезекті рет баллистикалық зымыран сынағанын қатаң айыптайтынын мәлімдеді. Астана "барлық мүдделі тараптарды" ұстамдылыққа және Пхеньянның ядролық бағдарламасы бойынша көп жақты келіссөзді қайта бастауға шақырады.
"Солтүстік Корея билігін ядролық және зымыран бағдарламасынан бас тартуға, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарларын бұлжытпай орындауға және бейбітшілікті сақтап, өз халқы мен бүкіл адамзаттың бейбіт дамуы үшін келіссөзге оралуға тағы да шақырамыз" делінген сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.
29 қарашада Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Пхеньянның баллистикалық зымыран сынағанын хабарлаған. Зымыран бір мың километрдей қашықтыққа ұшып барып, Жапон теңізіне құлаған. Ким Чен Ынның мәлімдеуінше, өз елі ядролық қару жасау жұмысын аяқтаған. Солтүстік Корея басшылығы снаряд АҚШ территориясының кез-келген жеріне жете алатынын айтады.
АҚШ президенті Дональд Трамп Солтүстік Кореяға баллистикалық зымыран сынағаны үшін қосымша санкция салуға уәде берген. Пхеньянның зымыран сынағын БҰҰ, НАТО және Еуропа Одағының басшылары да айыптады.