Accessibility links

Бішкекте Қазақстанда көрсетілген Бакиев туралы фильмге қарсылық танытты


Қазақстандық "Хабар" телеарнасында көрсетілген Құрманбек Бакиев туралы деректі фильмге қарсылық акциясы. Бішкек, 30 қараша 2017 жыл.
Қазақстандық "Хабар" телеарнасында көрсетілген Құрманбек Бакиев туралы деректі фильмге қарсылық акциясы. Бішкек, 30 қараша 2017 жыл.

Бішкекте "Айкол Ала-Тоо" қоғамдық бірлестігінің мүшелері Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевке арнап екі қорап іш киім жіберді. Белсенділер қазақстандық "Хабар" телеарнасының Қырғызстандағы 2010 жылғы төңкеріс туралы көрсеткен "Бітімгершілік миссиясы. Қырғыз дағдарысы" фильміне қарсылығын осылайша білдірді.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2010 жылы Қырғызстандағы жағдайды реттеуге қалай әсер еткені туралы фильм 29 қараша күні кешке көрсетілді. Фильмде Қазақстан билігінің сол кездегі, соңында биліктен бас тартқан Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиевті елден алып кетуге қандай күш жұмсағаны айтылады. Бакиевтің өзі деректі фильмде өзін отбасымен бірге ұшақпен Қырғызстанның Жалал-Абад облысынан Қазақстанның Жамбыл облысына қалай алып кеткенін баяндайды. "Не нәрсем болса, сонымен кеттім. Тіпті шұлығым мен іш киімімді де алып қойды. Ыдыс-аяқ туралы айтпай қояйын. Уақыты келеді, сол кезде отаныма оралатыныма сенімдімін" деді Бакиев фильмде.

"Қазақстанның мемлекеттік телеарнасы қанқұйлы Бакиевке сөз беріп, Сәуір төңкерісі туралы кері түсінікте фильм көрсетіп отыр. Бұлардың барлығы мұндайдың Қазақстанда қайталанбауы үшін, шарасыздықтан жасалып отыр. Фильм анонсында ол өзінен барлығын тартып алғанын, тіпті іш киімсіз қалғанын айтады. Екі қорап іш киім жинадық, оны елшілік арқылы беріп жібереміз" деді "Айкол Ала-Тоо" ұйымының жетекшісі, парламенттің бұрынғы депутаты Мээрбек Мискенбаев.

Қырғызстандық ұйым қазақстандық телеарна Қырғызстандағы Сәуір төңкерісінің мәнін бұрмалайтын фильм көрсетіп отыр деп біледі.

Құрманбек Бакиев қазір Беларусьте тұрады. Қырғызстанда оны 2010 жылғы оқиғалардағы кісі өлімі және басқа да қылмыстар бойынша сырттай өмір бойы бас еркіндігінен айыру жазасын кескен. Ресми Минск Бішкектің Бакиевті қайтару талабын орындаудан бірнеше рет бас тартқан.

XS
SM
MD
LG