Accessibility links

Ақтөбеде сұйытылған газ тапшылығын көліктің "көбеюінен" көрді


Ақтөбедегі газ құю станцияларының бірі. 10 сәуір 2017 жыл (Көрнекі сурет).
Ақтөбедегі газ құю станцияларының бірі. 10 сәуір 2017 жыл (Көрнекі сурет).

Ақтөбе қаласында үш тәуліктен бері сұйытылған газ тапшы. Жанар-жағар май бекеттерінің бірқатары газды тек талонмен құйып жатса, енді бірқатарында ұзын-сонар кезек пайда болған. Ақтөбе облыстық әкімдігі жағдайдың бақылауда екенін, желтоқсанның 1-і және 2-сі күндері Ақтөбеде сұйытылған газ тапшылығы жойылатынын айтады.

- Энергетика министрлігі 2017 жылдың қараша айына деп Ақтөбеге 8200 тонна сұйытылған газ бөлді. Біздің есебімізше, бұл газбен жүретін 36 148 көліктің бір айлық сұранысын өтеуге жетуі тиіс еді. Сөйтсек, тек соңғы бір айда газбен жүретін көлік саны 721-ге көбейген. Бұл Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті берген ресми дерек. Бұдан бөлек, тіркелмеген көліктер де болуы мүмкін. Көлігіне газ құрылғысын орнатқан ақтөбеліктер полицияға барып, тіркелуді аса құнттамайды. Сондықтан біз ішкі рыноктың сұранысын нақты біле алмай отырмыз, - дейді Ақтөбе облыстық кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы Майя Бименова.

Осыған дейін ақтөбеліктер көліктеріне тәулігіне 260-270 тонна газ құятын болған. Облыстық әкімдік қараша айында тәулік сайынғы қажеттілік көлемі 300 тоннаға жеткенін xабарлайды.

Ақтөбеде қазір сұйытылған газдың литрі 45-49 теңге аралығында сатылып жатыр.

XS
SM
MD
LG