Accessibility links

"Орамал дауы" туралы сотқа барған Азаттық тілшісін полиция бөгеді


Мектептегі "хиджаб дауы" туралы іс бойынша сотқа қатысушылар мен тыңдаушылар. Астана, 30 қараша 2017 жыл.
Мектептегі "хиджаб дауы" туралы іс бойынша сотқа қатысушылар мен тыңдаушылар. Астана, 30 қараша 2017 жыл.

Бүгін Астананың Есіл аудандық сотында Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарынан келген ондаған ата-ананың мектеп жасындағы қыздарының сабаққа орамал тағып баруына білім мекемесінің тыйым салуына байланысты берген талап арыздары бойынша істі қарау жалғасты.

Сот процесіне қатысуға БАҚ өкілдерінен жалғыз барған Азаттық тілшісін полиция қызметкерлері лифтіден шығармай, бөгеді. Сот ғимаратын күзететін полицейлердің бірі денесімен лифтінің есігін жапқызбай ұстап, сот отырысы өтіп жатқан төртінші қабатқа журналисті жібермеуге тырысты. Оның алдында полицейлер тілшінің рюкзагында "пышақ бар" деп, оны тапсыруды талап етті. Сосын олар сот залында аудио және видео жазба жүргізілетінін алға тартып, журналистке смартфонмен кіруге болмайтынын айтты. Бұдан кейін полиция қызметкерлері журналистің ашық сот отырысына қатысуына судья Ермағамбетованың келісімін алулары тиіс екенін мәлімдеді. Бұл оқиғалардың барлығы ішкі істер департаментінің экстремизммен күрес жөніндегі бөлім қызметкерлерінің көз алдында өтті. Олардың сот процесін бақылауға арнайы келгені кейін белгілі болды.

Орал қаласынан келген талапкерлер өкілі Миржан Ғабдуллин Азаттыққа Қазақстан Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы "Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы" №26 бұйрығының 13-тармағын Конституция нормалары мен Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакітінің 18-бабына қайшы заңсыз ереже деп тануды талап етіп отырғандарын мәлімдеді. Бұйрықтың 13- тармағында: "Мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды" деп жазылған.

- Оралдан 35 талапкер, Ақтөбеден – 29 адам өтініш берді. Осы 13-тармаққа бола қазір Оралдың барлық мектебінде балаларды сабаққа кіргізбей жатыр. Соңғы деректер бойынша, 78 қыз бала мектепке бара алмай жүр. Оралда 46 мектеп бар, барлығының директорлары Білім министрінің осы бұйрығын алға тартып, кіргізбей отыр, - дейді Миржан Ғабдуллин.

Оның сөзінше, Ақтөбе қаласында да осындай жағдай қалыптасқан. Ата-аналар талап арыздарын әр уақытта бергенімен, заңнамаға сәйкес, оларды бір іске біріктірген. Ғабдулин өзі білетін мәліметке сүйеніп, мұндай талап арызды енді Жаңаөзен мен Алматыдағы ата-аналар да бергелі жатқаны туралы айтты.

Осы процеске тыңдаушы ретінде қатысқан кей кісілер сот залына кірер кезде олардың аты-жөнін тіркеу журналына жазумен шектелмей, әрбірінің жеке куәліктерін суретке түсіріп алғаны туралы Азаттық тілшісіне айтып берді.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG