Accessibility links

Грузия Конституциялық соты: марихуана тарту – қылмыс емес


Адамды есірткі тұтынғаны үшін қылмыстық жауапқа тартуға қарсылық білдіруші жігіт наразылық акциясында тұр. Тбилиси, 2 маусым 2013 жыл.
Адамды есірткі тұтынғаны үшін қылмыстық жауапқа тартуға қарсылық білдіруші жігіт наразылық акциясында тұр. Тбилиси, 2 маусым 2013 жыл.

Грузияның конституциялық соты марихуананы тұтынғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы бап – Конституцияға қайшы деп тапты. Сот мұндай шешімін қарашаның 30-ы күні жариялады деп хабарлайды Азаттықтың Грузин қызметі.

Азамат Гиви Шанидзенің парламентке қарсы шағымы бойынша істі қараған Конституциялық сот шағым берушінің ұстанымын қолдап, "адам релаксация әдісін өзі таңдап, еске асыруға, соның ішінде марихуана тұтынуға да құқылы" деген ұйғарым жасаған.

Сонымен бірге Конституциялық сот Грузия қылмыстық кодексінің "есірткіні немесе сол тектес заттарды заңсыз дайындау, өндіру, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе есірткіні немесе сол тектес заттарды өткізгені үшін он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы" қарастырылған 260-бабын Негізгі заңға сәйкес деп таныған.

Бұл бап бойынша Грузияда салмағы 100 грамм және одан көп марихуанамен ұсталған адамдар жауапқа тартылады. Конституциялық сот шешімі негізінде заңға өзгерістер енсе, онда әлгі аталған мөлшерге жетпейтін марихуана "жеке басының пайдалануына арналған" деп саналмақ.

Грузияның қолданыстағы заңы бойынша, "өзінің жеке басының пайдалануына арналған шағын мөлшердегі есірткіні немесе сол тектес заттарды заңсыз дайындау, сатып алу, сақтау немесе оларды дәрігердің тағайындауынсыз тұтынғаны үшін" адамды заң алдында жауапқа тарту қарастырылған. Ондай іс-әрекеті үшін айыпты деп танылған азаматқа айыппұл немесе 120 сағаттан 180 сағатқа дейін қоғамдық жұмысты орындауды міндеттеу, болмаса үш айдан бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Егер Грузия парламенті Конституциялық сот жарлығын орындайтын болса, онда бұл жазалау шаралары қылмыстық кодекстен алынып тасталмақ. Алайда парламент сот шешіміне қарсылық танытуы да мүмкін. Биліктегі партия өкілдері соттың шешімін сынап, егер оған сәйкес заң өзгерісі енгізілетін болса, онда "Грузия күллі әлемнің нашақорлары жиналатын апат аймағына айналады" деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG