Accessibility links

Трамптың бұрынғы кеңесшісі кінәсін мойындады


Майкл Флинн, АҚШ президентінің бұрынғы ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі

АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі болып 24-ақ күн істеген соң жыл басында отставкаға кеткен Майкл Флинге "ФБР-ге жалған мәлімет беріп, федералдық қылмыс жасады" деген айып тағылды.

1 желтоқсанда жарияланған айыптау актісін АҚШ-тың арнайы өкілі Роберт Мюллер басқаратын тергеу тобы даярлаған. Бұл топ президент Дональд Трамптың 2016 жылғы сайлау штабы мен Ресейдің ықтимал байланысын тексеріп жатыр.

Вашингтондағы федералдық сотқа 30 қарашада түскен құжатта Флиннің ФБР-ге "әдейі және біле тұра" өтірік айтқаны, яғни сол кездегі Ресейдің АҚШ-тағы елшісі Сергей Кислякпен АҚШ-тың Ресейге салған санкцияларын талқыламадым дегені жазылған. Құжатқа сәйкес бұл екі адам 2016 жылғы 8 қараша мен 2017 жылғы 20 қаңтар арасында, өтпелі кезеңде сөйлескен.

Вашингтондағы федералдық сот ғимаратына келген Флинн журналистердің сұрақтарына жауап бермеді. Заңгерлерінің жазуынша, ол кінәсін мойындап отыр. Биылғы ақпан айында Флинн вице-президент Майк Пенске Ресейдің елшісімен кездесуі туралы қате ақпарат берді деген негізбен қызметінен босатылған.

Мюллер АҚШ Әділет министрлігінің Трамп пен оның серіктерінің Ресей үкіметінің агенттерімен қатысын тексеру тобын басқарып отыр. Флинн - бұл тексеру кезінде айып тағылған төртініш адам. Мұның алдында Трамптың сайлау штабын басқарған Пол Манафорт, оның бизнес серігі Рик Гейтс және бұрынғы сыртқы істер кеңесшісі Джордж Пападопулосқа да осындай айыптар тағылған. Пападопулос кінәсін мойындаған.

Биылғы қаңтарда АҚШ-тың барлау қызметтері Ресей билігінің АҚШ-та 2016 жылы өткен президент сайлауының нәтижесіне ықпал ету кампаниясын ұйымдастырғанын мәлімеп, арнайы зерттеу жариялаған еді. Президент Трамп пен Ақ үй бұл мәлімдемелерді жоққа шығарып келеді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG