Accessibility links

Орыс православие шіркеуі бір жыныстылар некесін қиюға тыйым салды


Орыс православие шіркеуі басшысы патриарх Кирилл.
Орыс православие шіркеуі басшысы патриарх Кирилл.

Орыс православие шіркеуі (РПЦ) бір жынысты адамдар мен "дұшпандық пиғылдағы дінбұзарлардың" некесін қиюға ресми түрде тыйым салды. Бұл туралы шіркеу қабылдаған "Шіркеуде неке қию қағидасының аспектілері туралы" ереже желтоқсанның 1-і күні Мәскеу патриархатының ресми сайтында жарияланды.

Діни ұйым қабылдаған ережеде азаматтық заңдарда бір жыныстылар арасындағы некеге қатысты не айтылса да, шіркеу ондай некені мойындамайды деп жазылған. Құжатта "шіркеуді дінбұзарлықтың таралуынан қорғау үшін" дінбұзармен некеге отыруға тыйым салынатыны айтылған.

РПЦ басшысы патриарх Кирилл биыл мамыр айында бір жыныстылар арасындағы некеге рұқсат беретін заңдарды сынап, оларды "фашистік Германия мен Оңтүстік Африка республикасындағы апартеид заңдары тәрізді жұртқа жеккөрінішті" деп атаған.

Ресей заңы бір жыныстылардың некеге отыруына рұқсат етпейді. Ресей қабылдап, қолданысқа енгізген "жасөспірімдер арасында дәстүрлі емес жыныстық қатынастарды насихаттауға тыйым салатын" заңды Еуропалық адам құқығы жөніндегі сот адамды кемсітетін заң деп таныған.

XS
SM
MD
LG