Accessibility links

Тәжікстанда милиция бөліміндегі жарылыстан тергеуші қаза тапқан


Тәжікстанның Қорған-Төбе қаласындағы ескерткіш. (Көрнекі сурет.)
Тәжікстанның Қорған-Төбе қаласындағы ескерткіш. (Көрнекі сурет.)

Тәжікстанның Қорған-Төбе қаласындағы милиция ғимаратында жұма күні кешке болған жарылыстан тергеуші қаза тауып, ішкі істер мекемесінің тағы бір қызметкері жараланған. Бұл туралы Азаттықтың Тәжік қызметіне (Озоди радиосы) ішкі істер министрлігінің Хатлон облысы бойынша басқармасынан хабарлаған.

Куәгердің айтуынша, жарылыс қуатынан қалалық милиция ғимаратының шатыры да бүлінген. Қаза тапқан адам - 1986 жылы туған милиция капитаны Мухиддин Зохидзода соңғы төрт жыл Қорған-Төбе қалалық ішкі істер бөлімінің тергеушісі болып істеген. Жарылыстан зардап шеккен милиция қызметкері қазір жергілікті ауруханада жатыр деп хабарланды.

Тәжікстан ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Умаржон Эмомали Озоди радиосына желтоқсанның 1-і күні жарылыс болғаны туралы хабарды растаған. «Шұғыл құрылған комиссия оқиғаны тексеріп жатыр. Тиісті ақпарат тергеу қортындысынан кейін беріледі» деп мәлімдеген ол.

Қорған-Төбедегі төтенше оқиға туралы Озоди радиосы сөйлескен басқа дерек көзінің хабарлауынша, жұманың кешінде капитан Зохидзода ішкі істер органы қызметкерлері жинаған жарлығыш заттарды тіркеп отырған кезде жарылыс болған.

Қорған-Төбедегі Озоди тілшісінің хабарлауынша, желтоқсанның 1-і күні жергілікті уақыт бойынша кешкі сағат сегіздің шамасында көп адам жиналған милиция ғимараты маңына ондаған қарулы милиция күзеті қойылған.

XS
SM
MD
LG