Accessibility links

Мирзияев азаптаумен алынған дәлелді сотта қарамауды бұйырды


Өзбекстанның Бұхара қаласы маңындағы тұтқындарға қатыгездігімен атышулы Отбозор түрмесі.
Өзбекстанның Бұхара қаласы маңындағы тұтқындарға қатыгездігімен атышулы Отбозор түрмесі.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев қылмыстық іс бойынша процессуалдық заң нормаларын елеулі түрде бұзу арқылы және заңсыз әдістермен алынған деректерді сотта дәлел ретінде пайдалануға тыйым салатын жарлық шығарды. Бұл туралы Азаттықтың Өзбек қызметі (Озодлик радиосы) хабарлады. Өзбек президенті қарашаның 30-ы күні қол қойған "Сот-тергеу қызметі барысында азаматтардың құқықтары мен бостандықтары кепілдігін нығайту бойынша қосымша шаралар" атты жарлықта тергеу абақтылары, уақыта ұстау изоляторлары мен арнайы қабылдау орындары және әкімшілік жаза өтейтін мекемелерді үш айдың ішінде видеобақылау құрылғыларымен қамтамасыз ету қажеттігі айтылған.

Жарлыққа сәйкес, бұдан былай Өзбекстанда куәгердің, жәбірленушінің, күдіктінің, айыпталушының, сотталушының куәліктері, сарапшы қорытындысы, заттай айғақтар, аудио- және видеожазбалар мен өзге де материалдар процессуалдық заң нормаларын бұзу жолымен алынса, онда оларды дәлел ретінде пайдалануға тыйым салынады.

"Қылмыстық процеске қатысушылар немесе олардың жақын туыстарынан қылмыстық іс бойынша процессуалдық заң нормаларын елеулі түрде бұзу арқылы немесе заңсыз әдістермен алынған, соның ішінде азаптау, психологиялық және физикалық қысым көрсету, өзге де қатыгез, адамшылыққа жат немесе ар-намысты таптайтын іс-әрекеттер арқылы жиналған, тиісінше заңды күші жоқ деректерді дәлел ретінде пайдалануға жол берілмейді деп саналсын", - делінген президент жарлығында.

Сонымен бірге бұдан кейін прокуратура органдары немесе сот дәлел-айғақтарды жинау барысындағы заңсыз іс-әрекеттер туралы берілген арыз-өтініштерді заңда бекітілген тәртіппен медициналық сараптама өткізіп, міндетті түрде тексеретін болады.

Бұған қоса жарлықта фактілерді бұрмалауға және шындыққа жанаспайтын жалған куәлік беруге мәжбүрлеуге қатысы болғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілетіні туралы айтылған.

Президент жарлығында адвокаттар құқықтарына да тоқталған.

"Қорғаушы қылмыстық іс бойынша жинауға және ұсынуға құқылы айғақ-дәлелдер қылмыстық іс материалдарына тіркелуі тиіс, сонымен бірге олар анықтау, алдын ала тергеу және қылмыстық істі сотта қарау барысында міндетті түрде тексеріп, бағалануы тиіс" делінген жарлықта.

Өзбекстанды ұзақ жылдар бойы басқарған тұңғыш президент Ислам Каримов 2016 жылы қыркүйекте қайтыс болғаннан кейін оның орнына билікке келген Шавкат Мирзияев елдегі адам құқықтарына қатысты ахуалды жақсартуға уәде еткен. Ресми мәліметтер бойынша, Өзбекстан соттары биылғы жыл басынан бергі он айдың ішінде түрлі айып тағылған 191 адамды ақтаған. Бұған дейін соңғы бес жылда сот шешімімен небары жеті адам ғана ақталған еді. Бұған қоса биылғы жылы алдын ала тергеу орындары күдіктіні ақтайтын және өзге де негіздер бойынша 3511 қылмыстық істі жапқан.

XS
SM
MD
LG