Ресей аннекиялап алған Қырым түбегіндегі Раздольный аудандық соты украин белсендісі Владимир Балухты тергеу абақтысынан үйқамаққа ауыстырды. Мұндай шешім Қырымның жоғарғы соты белсендіні қамауда ұстау мерзімін ұзартудың күшін жойғаннан кейін қабылданған. Бұған дейін белсендінің қорғаушылары Ресей заңы бойынша орташа ауыр қылмысқа қатысты айып тағылғандарды алты айдан артық қамауда ұстауға болмайтынын айтып, оны абақтыдан шығару туралы өтініш білдірген.
Адвокат Ольга Динзе Балухты ешқайда кетпейтіні туралы қолхат алып қамаудан босатуды, ал егер үйқамаққа ауыстыру туралы шешім қабылданса, "Серебрянка селосында ауруханаға жоқ болғандықтан" Балухқа емханаға қаралу үшін Роздольный кентіне баруына рұқсат беруді сұраған. Сотта Балух қолхат беріп шығуға келісетінін мәлімдеген, ол бұрынғысынша өзінің бостандығын шектеуге еш негіз жоқ деп санайтынын айтқан. Бұдан кейін Раздольный аудандық сотының судьясы Елена Тедеева Владимир Балухты екі ай үйқамақта ұстау туралы шешім шығарған.
Ресей Қырымды аннексиялап алғаннан кейін түбекте тұратын Владимир Балух үйінің шатырына Украина туын іліп, Ресей паспортын алудан бас тартқан. 2016 жылдың соңында Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі Балухты ұстап, "үйінің шатырында оқтар мен тротил құтыларын сақтаған" деген айып таққан.
Тамыздың басында сот белсендіні үш жыл жеті айға бас бостандығынан айыруға үкім еткен. Бірақ апелляциялық шағымнан кейін оның ісін қайта қарау үшін жаңа құрамдағы сотқа жолдаған.
Балухтың адвокаты мен құқыққорғаушылар белсенді украиналық ұстанымы үшін қуғынға ұшырады деп санайды. Балухтың өзі тергеу абақтысында оны ұрып-соғып, қатыгездік танытқаны туралы бірнеше рет мәлімдеген.