Accessibility links

АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігі экс-қызметкері құпия құжатты үйінде сақтаған


Кеңседегі компьюьтер мониторындағы АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігінің логотибі. Мэриленд, АҚШ, 25 қаңтар 2006 жыл. (Көрнекі сурет.)
Кеңседегі компьюьтер мониторындағы АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігінің логотибі. Мэриленд, АҚШ, 25 қаңтар 2006 жыл. (Көрнекі сурет.)

АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігінің (National Security Agency, NSA) бұрынғы қызметкері Нгя Хоанг Фо құпия құжаттарды үйдегі компьютерінде заңсыз сақтағанын мойындады. АҚШ әділет министрлігінің хабарлауынша, айыпкер 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы ықтимал. Сот үкімі алдағы жылы сәуірдің 6-сында шығуы тиіс.

Прокуратураның хабарлауынша, Нгя Хоанг Фо 2006 жылғы сәуір айынан бастап NSA үшін бағдарламалар дайындаумен айналысқан. Тергеушілердің мәліметінше, 2010 жылдан 2015 жылдың наурызына дейін ол құпия құжаттарды үйіндегі компьютерге көшіріп келген. The New York Times басылымы аты-жөнін атамаған адамға сілтеме жасап, агенттік қызметкері құпия құжаттарды өз резюмесін қайта жазу үшін үйіне апарған деп хабарлады. Әлгі адамның басылымға айтуынша, Нгя Хоанг Фоның үйіндегі компьютерінде ресейлік "Касперский лабораториясы" шығарған антивирустық бағдарлама орнатылған.

Қазанның соңында "Касперский лабораториясы" компаниясы шығарған антивирустық бағдарламаларында америкалық дербес компьютерден алынған дербес кодты пайдаланғанын мойындаған. Компания басшысы Евгений Касперский АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігіне қатысы бар файлдар 2014 жылы "кездейсоқ" қолдарына түскені туралы мәлімдеген. Касперскийдің сөзінше, файлдардың құпия екені оған белгілі болысымен оларды дереу жойған.

Биыл жазда АҚШ билігі елдің үкіметтік мекемелерінің барлығына ресейлік "Касперский лабораториясы" компаниясының өнімдерін пайдалануға тыйым салған. Онан соң Евгений Касперский өз компаниясының "ресейлік барлау қызметтеріне де, өзге үкіметтік құрылымдарға да қатысы жоғына барлық қажетті дәлел" ұсынуға уәде еткен. Сонымен бірге "Касперский лабораториясы" компаниясы 2018 жылдың басында бағдарламалары мен оларды жаңартатын қосымша өнімдерінің бастапқы кодын сарапшылар тексере алатындай ашып қоюды жоспарлап отырғаны туралы хабарлаған.

XS
SM
MD
LG