Accessibility links

Ресейдің Самарасында Навальныйдың жақтастарын ұстаған


Алексей Навальный Курск қаласында жұртшылықпен кездесіп тұр. (Көрнекі сурет.)
Алексей Навальный Курск қаласында жұртшылықпен кездесіп тұр. (Көрнекі сурет.)

Ресейдің Самара қаласында оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың жұртшылықпен кездесуіне дайындық жұмыстарымен жүрген сегіз адам ұсталған. Навальныйдың сайлауалды штабында жұмыс істейтін қызметкерлерді ұстар алдында полиция өкілдері белсенділер орнатқан сахнаны алып кеткен. Бұл туралы ақпарат Навальный штабының "ВКонтакте" әлеуметтік желісіндегі парағында жарияланды. Кейін белсенділер өздерін полицияда үш сағаттан артық ұстағаны туралы шағым жазған соң, оларды ешқандай хаттама толтырмастан босатқан.

Навальный Самарада жергілікті биліктің шеруге рұқсат беруден бас тартқанын сот заңсыз деп тапқандықтан ол акция келісілген деп санайды. Бірақ Самара қаласының мэриясы оппозициялық саясаткердің кездесуі өтеді деп жоспарланған орында өзге бір "мыңдаған адам қатысатын шара" өткізілетінін айтады.

Алексей Навальный 2018 жылы өтетін Ресей президенті сайлауына түспек ниетте. Ол 2016 жылдың желтоқсан айынан бері сайлауалды кампаниясын өткізіп келеді. Осы уақыт ішінде саясаткер Ресейдің ондаған аймағында штабтарын ашқан. Навальныйдың сайтында оның Ресей президенті сайлауына түсуіне қолдау білдірген 700 мыңға жуық адам тіркелген.

Навальныйды жақтаушыларға билік тарапынан қысым жасалады, сонымен бірге қоқан-лоққы естіп, шабуылға ұшырағандар да бар. Ресей аймақтарында жергілікті билік орындары Навальныйдың жұртшылықпен кездесу үшін митинг өткізуге берген өтініштерін көбіне қанағаттандырмай қояды. Навальныйдың өзі бұған Ресей президенті Владимир Путинді айыптайды.

XS
SM
MD
LG